Шығыс өңірі табиғи су қорына бай екені бесенеден белгілі. Өңір билігі алдағы 5 жыл төңірегінде Тарбағатай, Зайсан және Үржар аудандарындағы алты өзенге бөген салып, шаруа жайын жайластырмақ. Десе де, өңір халқына маңызды ауқымды шаруаларды жүзеге асыруда қандай кедергілер бар? Осы сауадарға жауап іздеп көрелік…
Алты өзеннің арнасы бөгеледі
ШҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұрат Құсаинов 2018-2021 жылдар аралығында өңіріміздің оңтүстік аудандарында алты суқойманың салынатынын хабарлады. Атап айтқанда, суқоймаларды Үржар ауданындағы Көктерек және Қарабұта өзендеріне, Зайсан ауданының Кендірлік өзеніне, Тарбағатай ауданының Қарғыба, Орта Ласты және Құсты өзендеріне салынады.
Гидроқұрылғылардың қайта жөнделуі республикалық бюджет есебінен іске асады. асатынын атап етті. Суармалы судың тұтынушыға жетуі үшін суландыру жүйесін түгелдей қалпына келтірілуі керек.
Дегенмен, егістіктер мен бақша алқаптарының бабы жақсарғанымен бөген салынған өзен арнасы кеңейіп екі жағаның жасыл желегіне, жорғалаған жәндігі мен жортқан аңына кедергі келтіріп, арнасынан асқан өзен суы жағалауда қоныс тепкен елді мекендерге де әсерін тигізуі мүмкін. Алайда мемлекеттік органдар мен мекемелер мұндай қауіптің жоқ екенін алға тартады.
– Кендірлік өзенінің бойынан суқоймасы мен су электр станциясы Қызылқия, Обалы, Дарынөзек сияқты кішігірім өзендерінің Кендірлік өзеніне құяр сағасынан 300 метр төменірек салу жоспарланған, – дейді «Қазсушар» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК ШҚФ Зайсан өндірістік учаскесінің бастығы Бақыт Көшербаев.
Қазіргі су тоспасының негізгі мақсаты – тек таудан келген қар және жаңбыр суын шаруа қожалықтарының егістік жеріне күнделікті жеткізу болып отыр. Учаске бастығы суқойманың болмауы салдарынан құрғақшылық жылдары шаруа қожалықтарының егістік жерлерін толық сумен қамтамасыз ету мүмкін болмай қалатынын атап өтті. Осы себепті Кендірлік өзенінің бойынан суқойма мен су электр станциясын салу мәселесі туындаған.
– Кендірлік өзенінен салынатын суқойманың және су электр станциясының негізгі мақсаты таудан келген жаңбыр мен қар суын күз-көктем айларында жинақтап, Сарытерек, Қаратал, Біржан және Айнабұлақ ауылдық округтеріне қарасты егістік жерлерді сумен қамтып, электр энергиясын өндіру. Суқоймасы салынғанда осы өзеннің төменгі жағында орналасқан Сарытерек, Қаратал елді мекендеріне ешқандай қауіп төнбейді. Өйткені суқоймадан су магистралды каналдардың сыйымдылығына байланысты белгілі мөлшерде ғана босатылып отырады, – дейді Бақыт Нүкешұлы.
Үржарда 300 адам жұмыспен қамтылады
– Үржар ауданының аумағындағы Көктерек және Қарабұта өзендеріне салынатын суқоймалардың басты мақсаты – ауылшаруашылық тауар өндірушілердің егістік жерін қажетті сумен қамтамасыз ету арқылы алынатын өнім көлемін көбейту, – дейді Үржар аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Таужан Шоманов. – Суқойма бөгендері Көктерек өзенінің «Шошқалы», ал Қарабұта өзенінің «Екі аша» деген учаскелерінде салынады. Көктерек өзеніндегі суқоймаға 31,4 миллион, ал Қарабұта өзеніндегі суқоймаға 45 миллион текше метр су сыятын болады. Көктерек суқоймасы салынған жағдайда Көктерек, Келдімұрат, Қаратал ауылдық округтерінің, ал Қарабұта суқоймасы салынған жағдайда Қарабұта, Бақты, Қаратал ауылдық округтерінің жерлері сумен қамтамасыз етіледі. Жыл бойы суару жұмыстарына Көктерек суқоймасынан 28,5 миллион, ал Қарабұта суқоймасынан 44,8 миллион текше метр су жұмсалатын болады.
Жауапты басшы құрылыс жұмыстары жүргізілген кезде шамамен 300 адамның жұмыспен қамтылатынын алға тартты.
Тарбағатайда қандай мәселе?
Тарбағатай ауданы әкімінің орынбасары Қайрат Мауадинов аудан аумағында салынатын «Қарғыба», «Орта Ласты», «Құсты» суқоймаларына қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттардың жасалмауына орай мәлімет беру мүмкіндігінің жоқ екенін хабарлады. Десе де, бүгін де Қарғыба өзені мен оған құятын кішігірім салалардың аңғарында отырған Екпін, Көкжыра, Құмкөл ауылдық округтерінің, Орта Ластыдан сусап отырған Құйған мен Жетіарал ауылдық округтерінің, ал Құсты өзені ағып өтетін Ақжар ауылдық округі мен Тұғыл кенттік округінің аумағындағы елді мекендердегі егістіктер алдағы уақытта біраз көлемге ұлғая түсуі мүмкін.
Суқоймалардың салынуы өзеннің беткі ағынын реттеп, шоғырландыруға мүмкіндік беретінін хабарлаған «Қазсушар» кәсіпорны бұл шаралардың өз кезегінде елді мекендер мен экономикалық нысандарға төнетін тасқын қаупінің алдын алып, су ресурстарының көлемін ұлғайтып, суармалы сумен тұрақты қамтамасыз ету арқылы суармалы алқаптардың көлемін ұлғайтатынын алға тартты.
– Суқоймалардың қалыпты жағдайда жыл сайынғы ұсталуы үшін келешекте республикалық бюджет есебінен қаржы бөлінеді. Суқоймаларынсыз тасқын кезінде өзен ағынын ұстап тұру мүмкін емес. Суқоймаларға жинақталған су суармалы жерлерді 43,3 мың гектарға дейін ұлғайтуға, сондай-ақ қазіргі уақытта пайдаланылатын 9,1 мың гектар суармалы жердің сумен тұрақты түрде суарылып тұруын қамтамасыз етеді. Ауыл шаруашылығының сумен жабдықталуы жақсарса, мал суаруға арналған суаттар құруға да жағдай жасалады, – дейді кәсіпорын директорының орынбасары Д. Наққажин.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ