ШҚО-да Amanat партиясының диалог алаңында Президент Жолдауы талқыланды

448
көрілім

Қатысушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қамтыған салалар бойынша өз пікірлерін білдірді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Amanat партиясы ШҚО филиалының төрағасы Сайрангүл Жұмаділова Talqylau диалог алаңында модератор есебінде сөз алып, әр спикерге уақыт регламентін түсіндіріп өтті. Ең алдымен ШҚО Кәсіпкерлер палатасы құқықтық сұрақтар бойынша директордың орынбасары Әлия Мұқашева іскер жандарға арналған мүмкіндіктерге тоқталды. Оның сөзінше, жастардың бизнеске деген бет бұрысы ерекше, қазір көбі кәсіп ашудың қамына кіріскен.
- Президенттің кәсіпкерлікті дамытуда күш салып жатқаны шынымен қуантады. Әсіресе бизнестің мемлекеттік органдар қолдауымен жаңа қарқын алуы тиіс екені көңілге жақты. Демек, заңсыздық, арыз-шағым да азаяды деген сөз. Көп жағдайда іскер азаматтар сотқа жүгініп жатады. Енді біз мәселені оған жеткізбей шешуге мүмкіндік алып отырмыз, - деді ол.
Сайрангүл Жұмаділова да осымен үндес ой қозғап, орта бизнеске ойысып қана қоймай, шағын бизнестің де шеттеп қалмау керек екенін атап өтті.
- Бұл ретте Жолдауда бірнеше тармақ бұны қолдай түсті. Шыны керек, өңірде орта бизнес әлі толық дами қойған жоқ. Егер “Жол картасы” бағдарламасы аясында қойылған талап орындалар болса, онда кемшін нәтиже көрсетіп жатқан өндіріс көлемін арттыруға болады. Бұл үшін кәсіпкерлер қолдан жасалатын кедергілермен ұшыраспаулары тиіс, - деді Сайрангүл Ахметкәрімқызы.
ШҚО Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Марат Қабақов та “Ауыл аманаты” бағдарламасы бойынша үздіксіз түсетін сауалдарға уақтылы жауап беріліп, Президент жолдауының туризм саласындағы кәсіпке ықпал етуін кеңірек айтып берді.
Сонымен қатар диалог алаңында бірнеше аудан тұрғындары толғандырған сауалдарын қойды.