Кезектен тыс ХХІІ съезде партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев партия жұмысын қайта жандандыруды тапсырып, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін тартымды орынға айналуы тиіс екенін атап өткен болатын.
Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халықпен кері байланысты күшейту қажеттігін, соның ішінде азаматтарды көшпелі қабылдау жүргізуді ұйымдастыру қажет екендігін жеткізген.
- Міне, бүгін мобильді қоғамдық қабылдау жасау Шығыс Қазақстан облысында да бастау алды. Алғашқы көшпелі қабылдауды ауа-райының қолайсыздығына байланысты Глубокое ауданының Уварово және Прапорщиково ауылдарының тұрғындарын қабылдаудан бастап отырмыз. Біз алдағы уақытта барынша шалғай елді мекендерді қамтитын боламыз. Көшпелі қоғамдық қабылдаудың құрамына филиал қызметкерлерінен басқа мәслихат депутаттары, өңірлік Саяси кеңес мүшелері енгізілді- деп атап өтті "AMANAT" партиясының Шығыс Қазақстан облыстық филиалының атқарушы қатшысының м.а. Айгул Оралғазықызы.
Жыл басынан бері "AMANAT" партиясының ШҚОФ қоғамдық қабылдау бөлмелеріне 2500-ден астам адам жүгінген. Қабылдауға келген азаматтардың өтініштерінің басым бөлігі тұрғын үй алу, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелеріне қатысты. Олардың 38% шешілді. Ал қалғандары бойынша заң аясында кеңес берілді.
Біз аймағымыздың барлық аумақтарында осы шараны жалғастыратын боламыз, әсіресе, партияның облыстық филиалына келуге мүмкіндігі бола бермейтін шалғай ауылдарға ерекше назар аудармыз. Мұндай сапарлар тұрғындардың өтініштеріне ден қою үшін ғана емес, сонымен қатар ауылдық жерлердегі жылдарға созылып келе жатқан проблемалардың шешімін табуға мүмкіндік береді- деп толықтырды Айгул Оралғазықызы.
Еске салар болсақ 14 наурызда мобильді қоғамдық қабылдау Қарағанды және Ақмола облыстарында басталған болатын.
Қоғамдық қабылдау барысында ауыл тұрғыны Александр Е. ауылдан Өскемен қаласына қатынайтын қоғамдық көліктің жоқтығын және ауыл тұрғындарының күн көрісі болып табылатын малдарының жаппай бруцеллез ауруымен аурып жатқандығын айтып назар аударуды сұрады. Жалпы екі ауылдық округтен 25 азамат өз шағымдарын жеткізуге мүмкіндік алды. Қабылдауға келген азаматтар партия филиалы ұйымдастырған кездесулер арқылы мәселелерінің оң шешім табатындығына сенім білдірді.