ШҚО-да 2019 жылдың I жартыжылдығы бойынша бірнеше жерде дәрігер мамандар жетіспеуде, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Облыс әкімдігінде өткен жиналыста Экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы міндетін атқарушы Раушан Ластаева өңір көлеміндегі әлеуметтік-экономикалық даму мәселесін қорытындылап өтті. Белгілі болғандай, орта және шағын кәсіпкерлікке тиесілі субъектілер саны 94 мыңға жеткен. Жұмыссыздық деңгейі де 4,8 пайызға азайған.
– Атқарылып жатқан жұмыстар біртіндеп шешімін тауып келеді, – дейді басқарма басшысының орынбасары. – Өткен жылға қарағанда биыл сәби өлімі 0,6, онкологиялық сырқатқа шалдыққандар 0,7, сондай-ақ туберкулез дертімен ауыратындар саны 2,1 процентке азайды. Дегенмен соңғы көрскеткішке көз жүгіртсек, Өскемен қаласы мен Тарбағатай ауданында ана өліміне қатысты екі жағдай тіркелген.
Бұл ғана емес, Раушан Ластаеваның айтуынша, облыс бойынша 363 дәрігер маман жетіспейтін көрінеді. Әсіресе Өскемендегі ауруханаларға ақ халаттылар көбірек қажет екен. Одан бөлек, жалпы өлім-жітім, бала мен ана өлімі бойынша көрсеткіштер әлі де төмендемей тұрғанын тілге тиек етті. Бірқатар мәселені құлағы шалған өңір басшысы Даниал Ахметов Өскемен, Семей, Риддер қалалары, Үржар және Глубокое сынды аудандарға аталған мәселелерге немқұрайлы қарамауды тапсырып, тамыздың 15-не дейін тиісті жоспар әзірлеуді міндеттеді.
– Шешімі табылмайтын ешқандай мәселе көрмей тұрмын. Қолдау көрсетіліп отыр. Жоғарыда аталған көрсеткіштердің азаймай келе жатқанына бірнеше жылдың жүзі болды. Дәрігер жоқ дейсіздер. Өскеменде 70, ал Семейде 200-ден астам пәтер берілуге дайын тұр. Сіздердің міндеттеріңіз – білікті мамандар тарту. Сондықтан берілген тапсырмаға атүсті қарауды азайтқан жөн, – деді Даниал Ахметов.
Әділхан ЕСІМХАНОВ