Шығысқазақстандық аңшылар аңшылық шаруашылықтарын дамытуға ақша жинайтын арнайы қор құруды ұсынды. Облыс өкілдері мұндай бастаманы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің орманды және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басқармасының басшысы Мақсат Елемесовпен кездесу барысында ұсынды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
— Біздің ойымызша қорға адамдардың қоршаған ортаға келтіргені және аңшылық ережелерін бұзғаны үшін төлейтін айыппұлдары қорға қаржы ретінде түсіп отыруы керек,- деді Шығыс Қазақстан облыстық аңшылар мен балықшылар қоғамдық бірлестігінің заңгері Оксана Валиева. — Қаржы аңшылық шаруашылықтарының дамуына жұмсалатын болады.
Бастаманы құптаған Мақсат Елемесов әуесқой аңшылардың Қазақстанға жабайы жануар мен құс атуға жиі келетінін айтып аңшылық шаруашылықтардың дамуы табиғат қорғау мен туристік саланың дамуына септігін тигізетінін атап өтті. Ары қарай шығысқазақстандық аңшылардың ұсыныстары Астанада қаралатын болады.