ШҚО-да Антикор өкілдері энергетика саласындағы тексерісті бастады

763
көрілім

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі ШҚО бойынша департаментінің өкілдері мұны облыс қалаларын жылумен жабдықтауға қатысты соңғы оқиғалармен байланыстырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Осы ретте ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаменті қараша айының 30-ынан бастап Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау Комитетінің облыстағы Департаментінің қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізуді бастады.
– Талдау барысында Департаменттің мемлекеттік қызметтер көрсету, бақылау-рұқсат беру функцияларын жүзеге асыру (оның ішінде белгіленген қуаты 100 кВт-тан жоғары электр желілеріне қосылуға рұқсат беру мәселелері бойынша, энергия өндіруші және энергияберуші ұйымдардың күзгі-қысқы жағдайларда жұмыс істеуге дайындық паспортын беру және т.б.) кезіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау маңызды, – делінген мәліметте.
Осыған байланысты көрсетілген мәселеге қатысты ақпарат, шағымдарыңыз бен ұсыныстарыңыз болса, analiz-vko@mail.ru электрондық мекенжайына немесе 8 775 778 80 99 WhatsApp нөміріне  жолдауға болады.
– Құрметті облыс тұрғындары, осы саладағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою үшін әркімнің пікірі маңызды. Сондықтан, шетте қалмауды және азаматтық ұстаным танытуларыңызды сұраймыз, – деді департамент өкілдері.