ШҚО-да арақ ішіп рөлге отырған ер адам полицейлерден қашып кетпек болған

126
көрілім
Фото:sputnik.kz сайтынан

Риддер қаласының тұрғыны Семей көшесінің бойымен көлікпен келе жатқан бойда бірнеше құқық бұзушылық жасаған, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Рөлге ие бола алмай, тоқтап тұрған көлікке соқтығысып, көлік иесіне материалдық шығын келтірген. Оқиға орнына келе жатқан полицейлерді көрген ер адам бірден қаша жөнелді. Жол сақшылары соңынан қуып, көлікті тоқтатуды талап етсе де мас тұрғын елемей, қаланың басты көшелеріне шыққан. Бағдаршамның қызыл шамы жанғанына қарамастан Гоголь көшесіне бұрылып, Әуезов көшесі қиылысымен өтіп, қарсы қозғалысқа шығып кеткен. Әуезов көшесінде қарама-қарсы бағыттағы көлікпен жанамалай соқтығысқан. Безголосова көшесін өтіп, Тәуелсіздік даңғылына және қаланың орталық алаңына бұрылған кезде жол полицейлері оны тоқтатып үлгерді.
Қала тұрғынына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608- бабы 3-бөлігімен, 611-бабы 2-бөлігімен, 596-бабы 3-бөлігімен және 613-бабы 1-бөлігімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды.
Сот отырысында ер адам өз кінәсін мойындап, үйінен келе жатқан кезде бір литдей арақ ішкенін түсіндірді. Көлік басқару құқығынан айрылып қалуға қорқып, оқиға орнынан қашып кетуге тырысқан.
Сот қаулысымен ол аталған баптардың барлығы бойынша кінәлі деп танылып, 30 тәулікке әкімшілік қамаққа алу және 10 жылға  көлік құралдарын басқару құқығынан айыру түріндегі жазаға тартылды.