ШҚО-да археологиялық ескерткіштерден сенсациялық жаңалық табылды

379
көрілім

Биылғы 9 маусым күні белгілі қазақстандық ғалым, археолог Зейнолла Самашев облыс әкімі Д. Ахметовты Ұлан ауданы Бестерек ауылынан солтүстікке қарай 3 шақырым жерде орналасқан Ақбауыр тауындағы археологиялық ескерткіштерден табылған кезекті сенсациялық жаңалықпен таныстырды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.


Бұл жерде жартас суреттері мен петроглифтері бар алаптарымен атақты Ақбауыр шатқалының бірегей табиғи ландшафтары аясында Зейнолла Самашев соңғы қола дәуіріндегі және ерте темір дәуіріндегі қоныс қалдықтарын тапты. Соңғы факт ерекше қызығушылық тудырады, өйткені Қазақстан аумағындағы сақтардың отырықшы қоныстары өте аз зерттелген. Ал бұл елдің Шығысында алғаш рет ашылып отыр. Бұл жағдай ежелгі сақ тайпасының экономикасы мен қоғамдық құрылымын жаңаша зерделеу тәсілдерін танытады, өйткені ертедегі көшпенділердің көшпенді салт-ғұрпы жайындағы пікір әрдайым басым болатын.  Атауы Ақбауыр-1 аталған ежелгі мекеніндегі көп мөлшерде дәнүккіштердің, ою-өрнексіз керамикалардың, қайрақ тастардың, жылқы, қой, ешкі сүйектерінің көп мөлшерде табылуы осы ескерткішті қалдырған адамдар тіршілігінің кешенді сипатын айқын дәлелдейді. Жұмыс жетекшісі, профессор Зейнолла Самашев айтқандай, бұл ескерткіштің уақыты шамамен  б.з.д. XI - IX ғғ.


Ғалымның тұжырымдарымен Ресей ғылым академиясының Материалдық мәдениет тарихы мемлекеттік институтының археология бөлімінің аға ғылыми қызметкері (Санкт-Петербург) Николай Анатольевич Боковенко де келіседі.                           Ол Ақбауыр-1 елді мекенінде өте маңызды ғылыми жаңалық жасалғанын атап өтті. Шығыс Қазақстан аумағында алғаш рет ежелгі сақ қонысы ашылды, бұны қазба жұмыстары кезінде табылған көптеген артефактілер растайды. Әсіресе, ежелгі сақтардың көшпенді шаруашылығын көрсететін қайрақ тастарды атап өткен жөн. Қола және ерте темір дәуірінің қабаттарын бөлу үшін керамика сипаттамаларын мұқият қарау керек. Бұл Зейнолла Самашев ұсынған кезеңді тағы бір растайды.


Сондай-ақ Шығыс Қазақстан аумағында бірнеше жыл ғана  жұмыс істеп келе жатқан Н. А. Боковенко экспедициясының сәтті ұйымдастырылғанын, әлемдік археологиядағы бірегей жаңалықтар ашатын әртүрлі археологиялық ескерткіштерді зерттеудегі ғылыми көзқарасты жоғары  атап өтті.


Барлық жұмыстар облыс әкімі жетекшілік ететін облыстық археологиялық зерттеулер бағдарламасы аясында өтуде. Табылған заттар аймақтың ежелгі дәуір сақтары отырықшы өмір салтын жүргізгенін, оларда егіншілік, мал шаруашылығы, металлургия, қолөнер өндірісі қатар дамығанын білдіреді. С. Аманжолов атындағы ШҚМУ студенттері мен оқытушыларының белсенді қатысуымен мыңнан астам керамика сынықтарының фрагменттері мен басқа да материалдар камералдық жағдайда өңделеді. Барлық артефактілер облыстық этнографиялық мұражай қорына беріледі, бірақ университет студенттері Қазақстанның ежелгі тарихының шешілмеген көптеген сұрақтарына жауап табатын осы көрнекті артефактілерді алдын ала өңдеуге, зерделеуге үйренетін болады.


Ғалымдардың пікірінше өте маңызды болғандықтан, ескерткішті қазу жұмыстары келесі жылы жалғасады. Ғылым алдында осы шағын аудан аумағында орналасқан ескерткіш түрлерінің мәні мен мағынасын анықтау, типология, классификация, оның ішінде оларды синхрондау міндеттері тұр. Өткен жылдардағыдай аймақ ескерткіштерін зерттеу халықаралық сипатқа ие. Оған Ресей Федерациясы, Түркия, Әзірбайжан археологтары қатысады. М.Кариевтің жетекшілігімен ШҚМУ студенттері пайдалы ғылыми тәжірибе алатындары сөзсіз. Болашақта олардың арасынан өлкетанушылар, жалпы ел тарихының зерттеушілері шығуы әбден мүмкін.