Өскеменде Арыс қаласындағы ахуалға байланысты «Донор күні» қайырымдылық шарасы қолға алынып, еріктілер келіп қан тапсыруда, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Облыстық Ішкі саясат басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ мен «ШҚО қан орталығы» тізе қосып, осынау шараны С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-да өткізуде. Жастар ресурстық орталығының директоры Арайлым Есімбекованың айтуынша, қан тапсырудан түскен қаражат толықтай Арыс қаласына жөнелтілмек.
– Барлық аудандардағы Жастар орталығының мүшелері Арыстағы қайғылы жағдайды естігенде көмек беруге ұмтылды. Ал бүгінгі шараға жоғарыда аталған еріктілер, студенттер, аймақтағы барша әскери қызметкерлер қатысуда. Осы флешмобтың ауқымы 1000 адамды қамтымақ. Қан тапсырып болғаннан кейін оларға 1000 теңгеден беріледі. Осы ақша толығымен жиналса, бір миллионға жетіп, жапа шеккен жандарға жіберіледі, – деді ол.
Одан бөлек, Жастар ресурстық орталығының директоры тапсырылған қанның талай жаралының өмірін сақтап қалуға себеп болатынын айтты.
Бұл жерде шараға қатысушылар алдымен дәрігер мамандардың тексерісінен өтеді. Денсаулығы жарамсыз болса қан тапсыра алмайды. Сондай-ақ қала тұрғындары азық-түлік өнімдерін де әкеліп тапсыруда. Оның ішінде макарон, түрлі сусындар, ұннан жасалған өнімдер бар. Қайырымдылық акциясы он күнге жалғаспақ. Өз кезегінде аталмыш орталық директоры шараны өткізуге қолдау танытқан С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-ға алғыс білдіруде.
Әділхан ЕСІМХАНОВ