Оқырмандар тарапынан жиі түсетін сауалдардың бірі мал тұқымын асылдандыру хақында. Жыл өткен сайын елді мекендерде шаруа қожалықтарының саны көбейіп, соған қарай әралуан сауалдарға жауапты өздіктерінен іздейді. Дегенмен малды асылдандыру сапасын жақсартып, өнімділігін арттыру туралы толыққанды мәліметті әлі де болса ала алмай жүргендер бар. ШҚО Ауылшаруашылығы басқармасы басшылығы осы сауал төңірегінде тұщымды ақпарат ұсынып, кейбір сауалдарға нақты жауаптар берді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Бордақылау алаңы болуы тиіс
Басқарма басшысы Владимир Гайламазян ең алдымен тұқымды асылдандыру тіркесіне тоқталды. Ресми анықтама берудің қажеті жоқ, жауапты тұлға сөзімен жазсақ, жергілікті ірі қара мен асыл тұқымды бұқаны будандастыру кезінде мал тұқымын асылдандыру тіркесі туындайды. Қазір тұрғындардың басым бөлігі малдың байырғы түрін өсіруде. Бәлкім бастапқыда асыл тұқымды болып саналған шығар, уақыт өте сол мағынасынан айырылулары кәдік.
– Мал шаруашылығында «гетерозис» деген ұғым бар. Туыстық жағынан алшақ келетін екі түліктің организмінің шағылысуынан пайда болатын ұрпақтың жақсы өсіп, дұрыс дамып, тіршілік қабілетінің артуын айтамыз. Бұл бірінші жағдай. Егер мал тұқымын асылдандырумен көп жылдар бойы айналысса, асыл тұқымды болмаса да тұқымды мал етуге мүмкіндік бар. Ел аумағында қазақтың ақбас сиыры негізгі тұқым болып саналады. Кезінде «Багратион-Ұлан» ЖШС ұстаған болатын. Сәтіне қарай, біздің аумақта бұл тұқым түрі әлі бар. Ауылшаруашылық тауар өндірушілердің күш салуымен қазақтың ақбас сиырының саны артып келеді, – дейді Владимир Хачехпарович.
Бұл қадамды қолдау мақсатында мемлекет тарапынан әжептәуір қолдау көрсетіліп отырған көрінеді. Ол үшін шаруагердің бордақылау алаңы, жем-шөбі болуы тиіс. Қазір облыс бойынша барлығы 12 бордақылау алаңы бар көрінеді. Олар қойылған талаптарға сай келсе асыл тұқымды бұқа сатып алу құқығына ие болып, сол үшін субсидия алады. Басқарма басшысының сөзінше, асыл тұқымды бұқа сатып алуда бір бас үшін 150 мың теңге төленеді. Яғни 450 мың теңге жұмсаған кеткен шаруагер бірден 150 мың теңгесін қайтарып ала алады. Бас қатырып есептеудің керегі жоқ, сонда асыл тұқымды бұқа 300 мың теңгеге шықты деген сөз.
Бұқаны жалға беру
Бұдан соң сатып алған бұқаны жалға беру мүмкіндігі де қарастырылған. Шаруагер ол әрекеті үшін мемлекет тарапынан тағы 100 мың теңге ала алады.
– Айталық, сізде 25 бас ірі қара бар. Ауылшаруашылығы тауар өндірушісіне келдіңіз. Кейде адамдар мұны жеке өзіндік шаруашылықпен (әрі қарай ЖӨШ) шатастырып жатады. ЖӨШ-тің де мүмкіндігі аз емес. Егер бірнеше ЖӨШ біріксе ауылшаруашылық кооперативін қалыптастырып, бірқатар мемлекетттік жобаға қатыса алады. Дегенмен бұл туралы жекелей түсіндіре кеткен жөн болар. Мәселеге қайта оралайық. Бір бұқаның жүктемесі 25 басқа шақталған. Бұдан асып кетсе қолдау бағдарламасы өтінімді қабылдамайды, – дейді басқарма басшысы.
Шаруагерлер алдына қойылар талапқа сәйкес мал тұқымын асылдандару үшін бір бұқа ары кетсе 25 ірі қарамен будандаса алады. Бұл белгілі бір маусым кезінде болатын үрдіс. Айталық мамыр мен қазан айлары аралығы. Қазір мұның талабы өзгеріп, бір жылдың үстіне тағы бір жыл уақыт қосу арқылы будандастыру мүмкіндігі туындады. Яғни асыл тұқымды бұқаны қазан айында бірден қайтарып алмай, келесі жылдың қазанынан дейін қалдыруға еш кедергі жоқ.
Шартты фотосурет
Шығынның есебін шығару
Қайтарып алған соң бұқаны екі айдай бордақылап, сойып, етін сатылымға шығарады. Осымен оның «жұмысы мен міндеті» тәмамдалады. Ендігі қадам осы уақытқа дейін кеткен шығынның есеп-қисабын шығару. Басқарма басшысы болжаммен 450 мың теңге деп алды. Шаруагер сатып алғаны үшін 150 мың, асыл тұқымды бұқаны жалға бергені үшін 100 мың теңге ала алады. Қалғаны 200 мың теңге. Владимир Хачехпарович осы шығынды бұқаны сату арқылы өндіріп алуға болатындығын алға тартты. Тағы бір жайт, бордақылау кезінде де белгілі бір мөлшерде шығын кетеді. Оны шамалап 50 мың теңгеге бағалады. Барлығы 250 мың теңге болды. Жауапты тұлға көп жағдайда асыл тұқымды бұқаның кемі 350 келі тартатынын жеткізді.
– Сиыр етінің келісі 1600 теңге болса онда бұқадан түскен табыс 560 мың теңгені құрайды. 560 мыңнан 250 мыңды азайтсақ, 310 мың теңге қалады. Сонда бордақылау алаңына түскен пайда мөлшері 310 мың теңге, – деді басқарма басшысы.
Осы жерде кейбір тұрғындардан «Бордақылау алаңы дегеніміз не?» деп сауал туындауы мүмкін. Владимир Гайламазянның сөзінше, мұның негізін жемшөп сақтайтын орынның, құнарландырылған малазықтың, қоршау және соның ішінде науаның болуы құрайды.
Жалға алудың жеңілдігі
Кейбір шаруагерлерде мал суаратын автоматты құрылғы да болуы мүмкін. Дегенмен елді мекендерде мұндай нәрсенің сирек кездесетіні рас. Сондай-ақ малды азықтандырудың былайша айтқанда, жеке үстелі, нақты айтсақ, арнайы техникасы болады.
– Оның бетоннан, темірден жасалған, яки болмаса науа түрінде болуы маңызды емес. Маңыздысы сол, аталған арнайы техника малдың жемшөбін дұрыс жеткізіп, жеткілікті түрде қоректенуіне мүмкіндік жасауы шарт, – деді Владимир Гайламазян.
Мал шаруашылығымен айналысатын жандарға аяз атқа қонса малды жылы жерге қамай берудің де қажеті жоқ. Жауапты тұлғалар осылай дейді. Бірде жылы, бірде суық қорада тұрған ірі қара малы жиі ауырады. Абзалы, суық күндерде де желдің өтінде жүре берсін. Біртіндеп бейімделе түседі.
Бұл жерде малды асылдандыру үшін бұқаны жалға алған адам да мемлекет қолдауынан кенде қалмайтынын айта кетейік. Өзінің тұқымды ірі қарасының әр басына шамамен 10 теңгедей субсидия ала алатын көрінеді. Сонда 25 бас сиыры бар шаруагер 250 мың теңге ақшалай көмекке қол жеткізеді. Басқарма басшысы мұндай қолдау шаруагерлерге асыл тұқымды бұқаны жалға алғаны үшін көрсетілген қаржылай көмек екендігін мәлімдеді
Сайып келгенде, мал тұқымын асылдандыру үшін бордақылау алаңының есептік нөмірі болуы шарт, сол кезде ресми тіркеледі. Қазір облыстағы аудандардың басым бөлігінде талапқа сай мал бордақылау алаңдары бар.
Әділхан ЕСІМХАНОВ