ШҚО-да ат спортынан республикалық сайыс өтті

300
көрілім

Өскеменде мүмкіндігі шектеулі жандар арасында екі жас ерекшелігі бойынша паралимпиадалық ат үйрету және арнайы бағдарламадан Қазақстан Республикасы ат спорты федерациясының IV-ші Ашық Кубогі өтті, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Биыл аталмыш сайысқа екі облыстан ұзын саны 24 қатысушы келіп қатысты. Жүлделі орындарды сарапқа салуға өскемендіктерден бөлек, Маңғыстау өңірінің өкілдері жарыс жолына шықты. Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысының намысын өткен жылғыдай «Ак Тай» мүмкіндігі шектеулі жандарды қорғау Қоры» акционерлік қоры және ШҚО «ҚР Ат спорты Федерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі сынды екі команда қорғады.

Барлық қатысушы қиындығына сай, бес деңгей бойынша мүмкіндіктерін байқады. Олар 2017 жылғы жаңа сызба бойынша сайысқа түсті. Яғни ол бұрынғыға қарағанда анағұрлым күрделендірілген еді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, осы жолы командалар санының аздығына қарай бәсекелестік деңгейі айтарлықтай жоғары болмады. Дегенмен де ешбір қатысушы шабан әзірлікпен келмеген. Өскемен намысын арқалап шыққан Екатерина Минарева «Зефир» есімді тұлпармен 51,951 ұпай жинап, өз жаттығуын мінсіз орындап шықты. Былтыр аталмыш турнирде топ жарған тағы бір өскемендік Диана Оралбек осы жолы «Тентек» атты тұлпарымен екінші орынға ие болды. Сондай-ақ сайыстың ең егде қатысушысы Елена Шишаева да II деңгейлі жекелей жүлдеде жинақылық танытып, жеңімпаз атанды. 2017 жылы ел құрамасы сапында ат спортынан Д.Хоппери атындағы ашық Мәскеу Кубогінде және «Қазақстан-Ресей» шақырту жарысында екінші орын иеленген Диас Ескермесов те бабында екен. «Тест В» санатында өнер көрсеткен жерлесіміз 46,111 ұпаймен тұғырдың ең биік сатысынан көрінді.

Келген мамандар барлық қатысушының дайындығына оң бағасын беріп, жанарларынан жеңіске деген жігер туындап тұрғандарына ерекше разы болды.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ