ШҚО-да атаулы әлеуметтік көмек мәселесі басты назарда

395
көрілім

«Нұр Отан» партияларынан Семей қалалық мәслихатының депутаты Дариға Дайрова АӘК-ке қатысты жайттарды түсіндіріп өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Оның айтуынша, мемлекеттің негізгі ұстанымы көмекке шынайы мұқтаж азаматтарға көмектесу болғандықтан бірінші кезекте балаларға және көпбалалы отбасыларға жәрдемдеседі.

АӘК алатын жанұялардың 60%-ға жуығы көпбалалы отбасылар. Осы орайда дұрыс шешімін тапқан мәселе көпбалалы отбасы және аз қамтылған отбасы деген стереотиптерді жою. Көпбалалы отбасыларды жеке санатқа шығарып, оларға кепілдендірілген жәрдемақы ұсынылуы.

– Егер әлемдік стандартқа қарап салыстыратын болсақ, әлеуметтік көмек барлық елдің тәжірибесінде бар. Егер әлеуметтік көмектің көлемі тым көп болып кетсе, онда ол халықты масылдыққа әкеледі. Халық арасында осы жағдайды пайдаланып қалғысы келетіндер де кездесетіні рас. Мәселені көтеріп, шулатып, баспаналы болып қалайық дегендер аз емес. Демек, мұның да бір шегі бар. Мемлекет жағдайы нашар адамдарға әлеуметтік көмек беруі тиіс. Бірақ оны тұтастай әлеуметтік мәселесін шешіп тастайтындай етіп жасамауы керек. Егер солай болса, онда масылдық тудырады. Меніңше, көмектің мөлшері орташа деңгейден жоғары болуы тиіс, – дейді  Дариға Дайрова

Депутаттың сөзінше, көпбалалы отбасылардың   арасында АӘК туралы мүлдем естімеген жандар да кездеседі. Осы ретте оларға мемлекет көмегінің берілетіндігін айтып, құзырлы орындарға жүгіну керектігін түсіндіру қажет.  Көмекке зәру отбасылардың көбінің ортақ  проблемасы бар. Ол – құжат жинау мен  рәсімдеудің жолдарын түсінбей, қайда бару керектігін білмей дал болуы. Міне, осы орайда оларға кеңес беріліп, түсіндіру жолдары жақсылап қолға алыну керек.