Облыста 5598 мемлекеттік қызметші аттестациядан өтіп, 93,4 %-ы құзыреттілігіне сай екенін көрсеткен. Ал жалпы көрсеткіштің 0,3%-ы, яғни 15 мемлекеттік қызметші сынақтан сүрінгендіктен, қызметін босатпақ, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Шығыс Қазақстан Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департамент басшысының, әдеп жөніндегі кеңес төрағасының м.а. Қайрат Сапарғалиев аттестация қорытындысына тоқталып, сынақ жұмыстары барысында бір заңбұзушылық факт орын алғанын айтып өтті.
– Комиссия шешімімен 16 мемлекеттік қызметші қызметін босату туралы шешім қабылданған. Алайда Глубокое ауданының әкімдігінің қызметкері шағым түсіріп, аттестацияда заңбұзушылық факт орын алғанын айтты. Тексеру барысында анықталғандай, оның функционалдық міндеттеріне сай келмейтін сұрақтар қойылғандықтан ол жауап бере алмаған. Қзір ол өзінің қызметін жалғастыру үстінде, – деді Қайрат Сапарғалиев.
Жалпы көрсеткіш бойынша 301 мемлекеттік қызметшінің лауазымы жоғарлауы туралы шешім қабылданса, 49 қызметшінің керісінше лауазымы төмендетілмек. Ал қызметін босатқан азаматтар қайта бастапқы тестілеуден өтіп, басқа мемлекеттік органдарға жұмысқа орналаса алады.