Өскемен қаласында мемлекеттік қызметкерлерге қатысты жүргізілген кешенді аттестацияның қорытындысы жария етілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі YK-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Тестілеу 1 ақпан мен 5 сәуір аралығында өткізілді. Осы аралықта аттестацияға «Б» корпусынан 5464 мемлекеттік қызметкер қатысты.
Аттестацияның нәтижесі бойынша 16 мемқызметкер жұмыстан босатылып, 52-інің лауазымын төмендету туралы кеңес берілді. 5119 мемқызметкер сыннан сүрінбей өтсе, 277-нің қызметін жоғарылату туралы ұсыныс берілді.
– Қателеспесем, жұмыстан босатылғандардың екеуі Көкпекті ауданы мен Ұлан ауданының ауылдық округтерінің әкімдері. Облыстық басқармалардан да қызметіне сай болып шықпағандар бар. Мәселен, облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бас маманы жұмыстан шығарылды, – дейді ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс—қимыл агенттігінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы міндетін атқарушы Жанна Қабдолдақызы.
Тестілеуде мемқызметкерлердің тиімді жұмысы, халыққа қызмет етуі, ашықтығы мен есеп беруі сарапталған. Сондай-ақ, олардың жауапкершілігі мен белсенділігі де баға берілген.