ШҚО-да ауа райына қарамастан егін жинау жалғасуда

413
көрілім

Өңірде жауын-шашынға қарамастан егін жинау науқаны тоқтатылған жоқ, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Күз мезгілі келісімен диқандар әдеттегідей өнім жинауға кіріскен. Қазіргі таңда өңірде жаздық бидай, арпа, сұлы, қарақұмық, масақ қоспасы, жүгері, тары, бұршақ, бақша дақылдары және күздік рапс 100% жиналған.

– Облыстың кейбір аймақтарындағы ауа-райының қолайсыздығы жұмысқа кедергі келтіруде. Десе де диқандар жауын-шашынға қарамастан жұмыстарын жалғастырып жатыр. Көкөніс өнімділігі гекторына – 282,7 центнерді, бақша дақылдары - 328,6 центнерді құрады. Сондай-ақ майлы дақылдар 26,3%, көктемгі рапс 54%, соя 73,6%, күнбағыс 24%, мақсары 86,4%, қыша 71,1%, зығыр 13%, картоп 98% жиналды, - делінген ШҚО Ақпарат орталығы таратқан мәліметте.

Өңір агроқұрылымдары егін жинау науқанын жемісті жүргізуге көмектесетін материалдық-техникалық құралдармен және басқа да ресурстармен толықтай қамтылған. Облыстағы шаруашылықтар мен элеваторларда 90 кептіргіш пен астық жинайтын 3248 комбайн бар. Астықты сақтау және кептіру қондырғыларымен жабдықталған лицензиясы бар 8 элеватор жұмыс істейді.

Сонымен қатар облыс шаруаларына ауа райының қолайсыздығына байланысты ҚР Энергетика министрлігі егін жинау кезінде тұқымдарды кептіру үшін қосымша 7 мың тонна дизель отынын бөлген.