ШҚО-да аудан әкімдерін сайлау басталды

471
көрілім
Фотосурет ашық дереккөзден

ШҚО-да пилоттық режимде аудан әкімдерін сайлау басталды. Жексенбі күні таңғы сағат 7.00-де Глубокое ауданы мен Алтай ауданының сайлау учаскелері есігін айқара ашып, сайлаушыларды қарсы алуға дайындықты бастап кетті.

Дәстүр бойынша бұл күн еліміздің әнұранын орындаумен басталды. Қалай десек те, мұндай форматтағы саяси науқан қазақстандықтарға үйреншікті дей алмаймыз. Өйткені, азаматтар алғаш рет өз ауданын кімнің басқаратынын шешуге мүмкіндік алып отыр.
– Біздің аудан осы сайлауға қатысатын 45 пилоттық өңірдің қатарында екенін білген бойда дайындықты бастадық. Бұл өте маңызды жоба, өйткені ол қоғамды демократияландыру жолындағы прогрессивті өзгерістерді және «еститін мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыруды көрсетеді. Бүгінде 44 сайлау учаскеміздің барлығы дер кезінде ашылды, жұмыс жоспарға сай жүріп жатыр. Біздің азаматтар бұл күнді асыға күтті, дауыс беруге белсенді қатысады деп сенемін!- деді Глубокое ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Ксанна Сарычева.
Глубокое ауданында барлығы 39,5 мыңнан астам сайлаушы тіркелген.
Еске сала кетейік, пилоттық режимде 45 аудан мен облыстық маңызы бар қалада әкімдерді тікелей сайлау өтіп жатыр. Депутаттар ШҚО-дағы сайлау науқанына қатысатын аудан ретінде Глубокое және Алтай аудандарын таңдап алды.
Айта кетейік, мемлекет басшысы биылғы қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдерін тікелей сайлау енгізілетінін мәлімдеген болатын.
Көптеген шет мемлекеттердің тәжірибесінен белгілі болғандай, тікелей сайлау кезінде жергілікті атқарушы органның басшысы өз сайлаушылары алдында үлкен жауапкершілікті сезінеді, бұл оның жұмысына да оң әсерін тигізген.