ШҚО-да аудандардың жылыту маусымына әзірліктері қандай?

375
көрілім

Биыл аудандар жылыту маусымына қаншалықты дайын? Бастысы, бар мәселе бағаға келіп тіреліп тұр. Бұл тұрғыда өткен жылдармен салыстырғанда айырмашылық бар ма? Одан бөлек, әр ауданда көмір бағасының түрліше болары белгілі. Газет тілшісі осы сауалдар бойынша аудан әкімдіктеріне сұраухат жіберіп, жылыту маусымына әзірліктерін біліп көрген едік, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жарма ауданы
Кейбір әкімдіктер жауап берерде соңғы сәттерге дейін салқынқандылық танытып, БАҚ заңынан аттап жататын кездер болады. Бәлкім, жауапты тұлғалармен бірлесе жеті рет өлшеп, бір рет кесуді жөн көретін шығар. Қабылдау бөліміне бірнеше қайтара қоңырау шалған соң белгіленген мерзімнен кешіктіріп жіберіп жатады. Бұл жолы көмір бағасына қатысты әзірлеген төрт-бес сауалға сабыла күттірмей, лезде жауап қатқан Жарма ауданы әкімдігінің мәліметінше, өткен жылмен салыстырғанда көмір бағасында айырмашылық жоқ.

– Биыл Шар қалалық отын базасында көмір 10 мың теңгеден, Жаңғызтөбе кентіндегі отын базасында 11 мың теңгеден сатылуда, – деген аудан әкімінің орынбасары Ернар Бексұлтанов көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға демеушілер тарапынан жеңілдіктер қарастырылғандығын жеткізді. Оның сөзінше, қазір ауданда 1554 көпбалалы және 304 аз қамтылған отбасы бар.

Ал әлеуметтік нысандар жөніне келсек, Жармада бәрі сақадай сай әзір тұрған көрінеді. Яғни мектеп, балабақша, аурухана және өзге де мекемелер биыл жеткілікті мөлшерде жылумен қамтылмақ. Бұл да әкімдіктегілердің пікірі.

Үржар ауданы

Аудандардағы бағалар айырмашылығы мына бір жерде байқалды. Жер шалғайлығына байланысты Үржар ауданында көмір бағасы Жармамен салыстырғанда едәуір қымбат болып шықты. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Елдос Бейсеновтың сөзінше, биыл аудандағы көмір бағасы орта есеппен 20 мың теңгені құрайды.

– Көмір бағасын тұрақтандыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Өткен жылмен салыстырғанда биыл бағада айырмашылық жоқ. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Аудан бойынша 1031 аз қамтылған отбасы бар, оның ішінде 383-і көпбалалы жанұя. Осы отбасыларға ҚР 2001 жылғы №246 «Мемлекеттік атаулы көмек көрсету туралы» Заңына сәйкес атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, жыл басында 321237,7 мың теңге қаржы бөлінген, – деді бөлім басшысы.

Жалпы көпбалалы және аз қамтылған отбасыларды анықтауымыз тегіннен емес. Бәлкім кей аудандарда қандай да бір жеңілдіктер шығар? Үржар ауданы әкімдігі 100-ден астам отбасыға көмек көрсетілгендігін жеткізді.

– «Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшерін және тәртібін айқындау қағидасын бекіту туралы» Үржар аудандық мәслихатының 2019 жылғы 15 қарашадағы шешіміне сәйкес 110 жанұяға көмір алу үшін көмек көрсетілді. Төленген тұрғын үй көмегінің сомасы – 3676,0 мың теңге, – деді әкімдіктегілер.

Әлеуметтік нысандар да қаһарлы қыс кәрін төксе төтеп беруге әзір. Елдос Бейсенов айтқандай мектеп, балабақша, аурухана сынды нысандарға көмір қажеттілігі 17156,00 тоннаны құрап, қазіргі уақытта мемлекеттік мекемелер таскөмірмен толықтай қамтылған.

Ұлан ауданы

Берілген жауаптарға көз жүгіртсек, орындаушылар тарапынан қысқа қайырып, сандарды сөйлеткендер де бар. Өзгелерден оза шауып, жауаптарын бұрын ұсынған үш ауданның ішінде Үржар ауданының мәліметі толыққанды көрінді. Тосыннан келіп сөйлемге киліккеніміз емес, тек әр сауалға жан-жақты ақпарат ұсына өткен орынды көрінді. Ұлан ауданы әкімдігінен түскен жауапта қала қашықтығына қарай қатты отын бағасының өзгеруі көрсетілген. Яғни биыл көмір бағасы тұрғындар үшін қала мен екіортадағы қашықтыққа байланысты 11 мың теңгеден 16 мың теңгеге дейін сатылады.

– Көмір бағасы өткен жылмен салыстырғанда өзгеріссіз. 2020-2021жылдардағы жылыту маусымына аудандағы барлық әлеуметтік нысандар 100% қамтамасыз етілген, – дейді аудандық ТҮКШ және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Санат Бустакбаев.

Айта кетерлігі, биыл аудандағы денсаулық сақтау мекемелеріне – 600, мәдени нысандарға – 237, ал білім беру нысандарына 1540 тонна таскөмір жеткізілген.

Тарбағатай ауданы

Бұл ауданда қатты отынның бағасы Үржар ауданымен үндес. Ол жақта 20 мың теңге болса, Тарбағатайда бір тоннасы 18500-19000 мың теңге. Өткен жылмен салыстырғанда баға бірқалыпты.

– Ауданда 2686 көпбалалы, 1500 аз қамтылған отбасы бар. Тұрғын үй жәрдемақысы тұрмысы төмен аз қамтылған отбасыларға төленеді, – деді аудан әкімінің орынбасары Ахмет Аққазин.

Аудан бойынша 2020-21 жылғы от жағу маусымында жылытылатын бюджеттік, мәдени-әлеуметтік сала нысандарының саны – 125, оның ішінде 80 нысан жылу қазандығы қатты отынмен жылытылады.

 

Нысан

Көлемі

Бағасы (1 тоннасы)

Білім ошақтары

7923 тонна

14000 теңге

Денсаулық сақтау

3906 тонна

16900 теңге

Мәдениет

186 тонна

14558 теңге

 

Бесқарағай ауданы

Мұнда да бағалардың әркелкілігі байқалды. Аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Баталовтың сөзіне сүйенсек, 2020-2021 жылдарға жылу беру кезеңіне көмірдің бағасында өткен жылмен салыстырғанда аз-кем айырмашылық бар. Кестеге зер салайық:

 

2019-2020 жылға арналған 1 тонна көмірдің бағасы

Нысан

Бағасы (1 тоннасы)

Білім ошақтары

9000 теңге

Денсаулық сақтау

11000 теңге

Мәдениет

12000 теңге

Тұрғындар үшін

13000 теңге

Әлеуметтік көмір

10000 теңге

 

2020-2021 жылға арналған 1 тонна көмірдің бағасы

Нысан

Бағасы (1 тоннасы)

Білім ошақтары

9998 теңге

Денсаулық сақтау

11500 теңге

Мәдениет

12000 теңге

Тұрғындар үшін

13000 теңге

Бауыржан Жекенұлының сөзінше, ауданда 576 көпбалалы және 82 аз қамтылған отбасы бар. Жеңілдіктер де қарастырылып жатқан көрінеді.

– Олар үшін өткен жылы әлеуметтік көмір бағасы тоннасына 10000 теңгеден сатылған болатын. Аталған мәселе биыл да қарастырылуда, – деді ол.

Қуантарлығы сол, аудан әкімдігі әр сала бойынша нысандарға көмір 100% жеткізілгендігін баса айтты. Бауыржан Баталов та қатты отынның жалпы қажеттілігі білім беру объектілері бойынша 6195 тоннаны, денсаулық сақтау объектілері бойынша 1345 тоннаны, сондай-ақ мәдени нысандар бойынша 414 тоннаны құрап, бүгінде толыққанды көмірмен қамтылғандығын мәлімдеді.

Келесі материалдан өзге аудандардың жылыту маусымына әзірлігі туралы мақаланы оқи аласыздар.