Шынымен-ақ қазір көпшілік ымнан түсінісе қоятын мәселе мен әңгіме ауаны іргедегі індет төңірегінде. Түрлі сырқатпен ауруханаға түсіп жатқан науқастардың уақтылы ем-дом алып, дертіне шипа іздегенде жанынан табылатын дәрігерлердің жауапкершілік жүгін қаншалықты сезініп жүргендігін жиі талқылауда. Тырнақ астынан кір іздеулері емес, тек жаны қысылып, көмекке мұқтаж болғанда жедел жәрдемнің жеделділігін көрсете алмай жатқандығына шағымданып қоңырау шалған еді. Бірнеше ауданнан келіп түскен қоңырауларға байланысты ауруханалардағы мамандардың біліктілігі, медициналық аппараттар, жедел жәрдем көліктерінің саны қанша екендігі жөнінде анықтап көрген едік.
Күршім ауданы
Алдымен Күршім өңірі аудандық ауруханасының қазіргі жағдайына үңіліп көрелік. Тиісті мәліметтерді аудан әкімінің орынбасары Ерлан Шораяқов ұсынды. Қазір аудан бойынша 69 дәрігер жұмыс істесе, соның 25-і білікті мамандар. Одан бөлек, 15 дәрігер жоғары санатқа ие, ал 10-ында бірінші дәрежелі санат бар.
– Аудандық ауруханада 52 төсек-орын, оның ішінде 12-сі хирургия, төртеуі балаларға арналған. – дейді Ерлан Тельманұлы. – Соматика бөлімінде ересектерге 16, балаларға жеті төсек-орын, бесеуі гинекологиялық палатаға, патологияға үшеу және әйелдер босанатын бөлімге арналған бес төсек бар. Сонымен қатар 60 инфекциялық және жеті реанимациялық төсек-орын пайдалануға әзір. Мамандар қай бөлімде қаншасы бар екендігін мәлім етті. Кестеге зер салайық:
№ |
Мамандық |
Саны |
1 |
Офтальмолог дәрігер |
1 |
2 |
Отоларинголог |
1 |
3 |
Кардиолог |
1 |
4 |
УЗИ |
1 |
5 |
Бактериялық зертхана |
1 |
6 |
Хирург |
4 |
7 |
Акушер-гинеколог |
3 |
8 |
Невропатолог |
1 |
9 |
Дәрігер-психиатр |
1 |
10 |
Нарколог |
1 |
11 |
Фтизиатр |
1 |
12 |
Инфекционист |
1 |
13 |
Стоматолог |
2 |
14 |
Неонатолог |
1 |
15 |
Анестезиолог-реаниматолог |
3 |
Бейінді білімі бар дәрігерлер саны – 23. Маман тапшылығы бәлендей байқалмайды. Аудан басшылығындағылардың сөзінше, қазіргі уақытта эндокринолог дәрігер жоқ. Оның міндетін учаскелік дәрігерлер атқаруда. Бұдан іле орта білімі бар ақ халаттылардың нақты санын ұсынды. Қазір аудандық ауруханада 236 орта білімді медицина қызметкері бар екен. 19-ы – фельдшер, 190-ы медбике, 16-сы – акушер, сондай-ақ 11-і лаборант мамандар.
Бұдан соң көбінде жеделдігінен жаңылып, науқастың басы ауырып, балтыры сыздағанда межелі уақыттан кешігіп жататын жедел жәрдем көлігі жайлы мәлімет берілді. Бірақ бұл тұтас ауданды қамтып отыр.
– Аудан көлемінде жедел жәрдем көліктерінен басқа 11 автокөлік бар. Амбулаториялық ем алатын науқастар саны көбейген жағдайда аудан әкімдігі қосымша төрт көлік беруге дайын, – деді Ерлан Шораяқов.
Оқырмандар кейде дәрігерлердің біліктіліктеріне күмән келтіріп жатады. «Мың рет естігенше, бір рет көрген артық» демекші, берілген барлық мәліметтің рас-өтірігі бізге беймәлім. Бәлкім, нақты сандарды сөйлеттіріп, санақ жүргізген аудандық аурухананың бас дәрігері болар. Жауапты тұлғалар дәрігерлер біліктілігін арттыру үшін курстар мен семинарларға ұдайы жіберіліп отыратындығын жеткізді. Оған қоса, қазір қашықтан оқулар ұйымдастырылатын көрінеді.
– Аурухана тиісті құрал-жабдықтармен 87%-ға қамтамасыз етілген. Екі рентген, бір жылжымалы рентген, үш УДЗ және төрт ЭКГ аппараты бар. Биыл төрт ИВЛ аппараты сатып алынды. ПТР зертханасы жоспарға сәйкес іске қосылып, оттегі станциясы 50 оттегі беру көзімен орнатылды. Ауруханаға жылжымалы медициналық комплекс берілді, – деді мамандар.
Үржар ауданы
«Үржар ауданының аудандық ауруханасы» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны аталатын мекемеде 101 білікті дәрігер жұмыс істейді. Ішкі саясат бөліміндегілердің айтуынша, физиотерапевт маман тапшы. Аурухана барлығы 100 төсек-орынға жабдықталған.
– Мекемеде 19 фельдшер, 297 медбике арнаулы орта білімді. Жалпы, ауруханадағы ақ халаттылардың біліктіліктерін арттыру үшін түрлі семинарларға жіберіп тұру жағы қарастырылған. Жедел жәрдем жетіспеушілігі байқалмайды, қазір олардың ұзын-саны – 17, – дейді аудандық ішкі саясаттағылар.
Өзге аудандарға қарағанда салыстырмалы түрде қысқа жауап қайырған аудан басшылығы көпбалалы, жалғызбасты аналарға және мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық көмек жеңілдікпен көрсетілетіндігін мәлімдеді. Қазіргі уақытта аурухана УЗИ, ФГДС, ЭХОКГ, ЭКГ, оттегі концентраторлары, көп функционалды төсек-орын, ИВЛ, пульсоксиметр және дистанциялық термометрлермен қамтылған. Одан бөлек, ПТР зертханасы, оттегі станциясы орнатылып жатқан көрінеді.
Бұдан соң №2 аудандық аурухана жайлы мәлімет ұсынды. Мұндағы білікті дәрігерлерлер саны – 56. Күндізгі стационарлық бөлім 120 төсек-орынмен қамтылған. Оның ішінде: амбулаториялық мекемелерде – 75, аурухана стационарында – 20 және Қабанбай ауылдық ауруханасында 25 төсек-орын бар. Мекемедегі 206 маман арнаулы орта білімді. Ал маман дәрігерлермен толықтай қамтылған.
– Биылға 20 дәрігер мен 18 орта медицина қызметкері біліктіліктерін арттыру мақсатында тиісті семинарлар мен шеберлік сағатына қатысты, – деді аудан әкімдігіндегілер.
Ауруханада жедел жәрдем көлігінің жетіспеушілігі байқалады. Нақты айтсақ, қазір мұнда үшеуі науқастарға қызмет көрсетсе, жауапты тұлғалар тағы екі көлік қажет екендігін жеткізді. Мекеме қызмет көрсету сапасын жақсарту мақсатында бірқатар заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Айталық, IMEC 10 мониторы, ОМ-1-ДЭ хирургиялық сорғыш, КМП-РО 70 сандық пульсоксиметрі, КМП-РО балаларға арналған сандық пульсоксиметр, оттегі концентраторы, СИПАП аппараты, монитор дефибрилятор және тағы басқалары.
– ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылдың, 29 тамыздағы №666 бұйрығына сәйкес әлеуметтік қорғалмаған топтағы диспансерлік есепте тұрған адамдар белгілі бір нозологиялар бойынша тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етіледі, – аудандық ішкі саясат бөліміндегілер.
Катонқарағай ауданы
Бұл өңірдің аудандық ауруханасында 29 білікті дәрігер жұмыс істейді. Жұқпалы аурулар стационары – 30, ал терапия мен хирургия бөлімі 38 төсек-орынмен қамтылған. Қандай да бір санаттағы мамандар тапшылығы жоқ екендігін алға тартты. Арнайы орта білімді ақ халаттылар жұмысына жауапкершілікпен қарап, міндетіне атүсті қарап отырғандар байқалмайтын көрінеді. 104 штаттық орын орта буын қызметкерлерімен мен толықтай қамтылған. Ал дәрігерлердің біліктілігін арттыру мақсатында семинарларға жіберу ұйымдастырыла ма?
– Иә, заманауи технологияның қарқынды дамуына қарай медицина қызметкерлері өзінің білімін толықтырып, тәжірибе жинақтаулары басты назарға алынған. Орта медициналық персонал мен дәрігерлер арнайы оқуға жіберіліп, семинарларға қатысады. Категория алу үшін арнайы курстан өтіп, басқа дәрігерлермен өзара тәжірибе алмасады, – деді аудандық аурухананың бас дәрігері Сәуле Байгереева.
Тұрғындарға уақтылы медициналық көмек көрсету үшін көлік саны жеткілікті. Бас дәрігердің сөзінше, аудан көлемінде алты жедел жәрдем көлігі бар. Аудандық ауруханада УЗИ, рентген, ФГДС, ИВЛ аппараттары, жылжымалы рентген кешені, жылжымалы маммограф, жаңа жылжымалы кешен, 50 нүктелі оттегі станциямен қамтылған.
– Жылжымалы кешеннің арқасында тексеру үшін ауылдарға бару мүмкіндігі пайда болды. Балаларға, зейнеткерлерге, көпбалалы аналарға, жүкті әйелдерге, жетім балаларға, мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық көмек тегін көрсетіледі – деді Сәуле Исақызы.
Оған қоса, диспансерлік есепте тұрғандарға, «Д» есебінде тұрған және коронавирус инфекциясымен ауыратын науқастарға дәрі-дәрмектер тегін берілетінін айта кетейік.
Көкпекті ауданы
Ресми жауапты аудандық аурухананың бас дәрігері Әсем Рахимбаева ұсынды. Аудандық ауруханада 35 білікті дәрігер болса, соның бесеуі бала күтіміне байланысты декреттік демалыста. Барлығы 40 төсек-орын бар. Нақтырақ білу үшін кестеге көз жүгіртейік:
№ |
Төсек-орын жабдығы |
Саны |
1 |
Жұқпалы аурулар бөлімі |
10 |
2 |
Терапия бөлімі |
9 |
3 |
Қосымша балалар бөлімі |
5 |
4 |
Хирургия бөлімі |
9 |
5 |
Перзентхана |
3 |
6 |
Гинекология |
2 |
7 |
Жүктілік патологиясы |
2 |
Бұл жақта да аурухана маман дәрігерлермен толықтай қамтылған екен. Десе де окулист маманның дәрігердің орны бос болса, отолоринголог денсаулығына байланысты бір жылға ақысыз еңбек демалысына шыққан.
– Аудандық ауруханада арнаулы орта білімді 129 маман бар. Оның ішінде 15-і бала күтіміне байланысты еңбек демалысында. Біліктілігін арттыру мақсатында бес жыл сайын дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері Семей Мемлекеттік медициналық университетінде және медициналық колледждерде қашықтан оқу курстарынан өтеді, – деді Әсем Төлеуғазықызы.
Жедел жәрдем көлігінің саны жеткілікті көрінді. Тоғыз УАЗ көлігіміз бар деген ақпарат ұсынды. Ауруханада УЗИ, рентген, флюорография, ФГДС, ЭКГ аппараттары қолданыста. Медициналық көмек аудан тұрғындарының келесі контингентіне көрсетіледі:
-
Мүгедектер;
-
Жүкті әйелдер;
-
Кәмелеттік жасқа толмаған балалар;
-
Баласы үш жасқа толмаған әйелдер;
-
Жалғызбасты аналар;
-
Егде жастағылар;
-
Диспансерлік есепте тұрғандар;
-
ҰОС ардагерлері.
Бірнеше ауданның бас дәрігерлері мен жауапты тұлғалардың аурухана бойынша ұсынған мәліметтері осындай. Барлығы бірдей тұрғындар сынына ілікпесе де, індет іргеде жүріп есік қаққанда міндетіне немқұрайлы қарап, кей жағдайда жедел жәрдем көліктерінің күтпеген жерден істен шығатын сәттері кездесіп қалып жүр. Бастысы, алдағы уақытта ағаттық кетпей, емханада науқастар саны азая түссе құба-құп. Газетіміздің келесі санында тағы бірнеше аудандық ауруханалар хақында мақала ұсынылатын болады.
Әділхан ЕСІМХАНОВ