ШҚО-да ауқымды IT-форум өтті

373
көрілім

Өскеменде "Цифрлық Шығыс-2019" IT-форумы өтіп, мұнымен қатарласа университет студенттері өздерінің Startup жобаларын ұсынды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Жастар жылы аясында қолға алынған шара барысында алдымен студенттердің Startup жобалары қазылар алқасының алдында кезек-кезегімен қорғалып жатса, тағы бір залда "Цифрлық Шығыс-2019" IT-форумы өтті. Десе де жиналған жұрттың ауаны облыстағы ЖОО-ның студенттері дайындап әкелген жобаларды тамашалауға ауды. Барлығы алты команда сайысқа түсті.

Қазылар алқасы барлық командаларға бір тапсырма ұсынып, қатысушылар екі күн ішінде соның шешу жолдарын ұсынулары тиіс. Берілген тақырып - "Спорттық және білім беру мекемелеріндегі автоматтандыру". Аталмыш хакатон ұйымдастырушысы Аяужан Ашимованың айтуынша, уақыт тығыз болса да қатысушылар барынша тиімді жобалар ұсынуға тырысқан. Мәселен бірі - арнайы бағдарлама, бірі ақпараттық портал әзірлеп үлгерген.

- Мұндай сайысқа осыған дейін де қатыстым. Өте қызық. Біздің портал электронды білім беруді алмастыруға мол мүмкіндігі бар. Жалпы, нәтиже де төмен болмайды деп ойлаймын, -  дейді Д.Серікбаев атындағы ШҚМТУ студенті Бауыржан Сырым.

Үздіктер жобаның дизайны, ақпараттық қызметі, қолдану ыңғайлылығы сынды талаптар бойынша анықталады.
Бұдан бөлек, "Цифрлық Шығыс - 2019 " IT-форумының пленарлық отырысы өтті. Мұнда келген спикерлер Smart city жобаларын қорғап, олардың тиімділіктеріне тоқталды.

Әділхан ЕСІМХАНОВ