ШҚО-да аутизм дертіне шалдыққан балаларға мүмкіндіктер молаюда

455
көрілім
Фотосурет Vlast.kz сайтынан

Облыстық білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова аймақта аутизм дертіне шалдыққан жандарға арнап бірнеше мектеп жүйелі жұмыстар атқарып жатқанын жеткізді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Басқарма басшысының айтуынша, үстіміздегі жылы "Niet Woman" қоғамдық бірлестігі бастамасымен шаһардағы №37 мектепте психолог және логопед мамандар кабинеттеріне құны 1,5 млн теңге болатын жабдықтар сатып алынып, жөндеу жұмыстары жүргізілген. "Қамқорлық" жобасы аясында №36 және №17 мектепте "Самұрық" қорының қолдауымен инклюзивті білім беруге арналған кабинеттер жабдықталған-ды. Одан бөлек, өңірдегі аутизм дертіне шалдыққан жандарға жасалған мүмкіндіктер де тілге тиек етілді.

- Қазір аймақта бұл дертпен ауыратын балалар саны – 355. Оларға арнап "Болашақ" корпоративті қорының ықпалымен №15, 26, 39 мектептерде және Семейдегі №17 орта мектепте жаңа жылдан бастап аутизм дертіне шалдыққан балаларға арналған кабинеттер ашылмақ. Оларды толыққанды жабдықтау үшін 323 млн. теңге қаражат бөлу жоспарға қойылды, - деді Сайрангүл Ахметкәрімқызы.

Әділхан ЕСІМХАНОВ