ШҚО-да ауыл халқының табысын арттыру мақсатындағы «Ауыл Аманаты» бағдарламасы қалай іске асуда?

256
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында Президент тапсырмасымен қолға алынған ауыл жұртшылығының табысын арттыру мақсатындағы «Ауыл Аманаты» бағдарламасы жемісті жүзеге асырылып жатыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.   

Ауыл шаруашылығы – Шығыс Қазақстан үшін болашағы зор бағыттарының бірі және еліміздің ұзақ мерзімді әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі саласы. 2023 жылға облыста «Ауыл Аманаты» бағдарламасын жүзеге асыруға 1 535 118,0 мың теңге қарастырылған. Қаржыландыру кестесі әзірленіп, облыс аудандарына жеткізілді, онда шекаралас аймақтарға басты назар аударылды.

Бағдарламаның негізгі бағыттары - мал және құс шаруашылығын дамыту,  ауылдан тыс жерлерді тиімді пайдалану, жем-шөп дайындау, көкөніс өсіру, жеке кәсіпкерлікті дамыту, мал азығын дайындау бойынша ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту, ауыл шаруашылығы техникасының паркін жаңарту.

Бүгінгі күні бағдарлама бойынша 1 млрд 749 млн 818 мың теңгеге 237 өтініш қабылданды.  Нәтижесінде, 213 шағын несие беріліп, 235 жұмыс орны құрылды. Айта кетейік, бұл несиеге жұмыссыздар да өтініш бере алады. Төменде бизнес ашу және дамыту үшін қаражат алуға артықшылық берілгендердің тізімі көрсетілген:

• Бастапқы және жұмыс істеп жатқан кәсіпкерлер;

• Зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыстан босатылған қызметкерлер;

• Отбасылық кәсіпте ақысыз қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар; • Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен сатуға (айырбастауға) жеке қосалқы шаруашылығында өндірістік қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар;

• Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооператив мүшелері.