ШҚО-да «Ауыл» париясы өкілдері ауыл шаруашылығындағы өзекті мәселелерді талқылады

314
көрілім

Шара аясында облыстан тыс, республика көлемінде қандай кадрлар жетіспейтіндігі, олардың еңбекке қызығушылығын арттыру үшін қандай қадамдар жасалынуы тиіс екендігі сөз етілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

Шараға қатысушылар ауыл халқының еңбекақысы әлі де төмен екенін баса айтты. Модератор есебінде сөз алған «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясы ШҚО бойынша филиалының басшысы Камал Арнхановтың сөзінше, түйткілдің шешімін облыстық Ауыл шаруашылығы басшылығымен бірлесе шешу қажет. Олар өз тараптарынан оңтайлы жоспар ұсынып, бүгіннен бастап әрекетке көшсе, жастардың жұмысқа деген ынтасын арттыруға болады. Шараға қатысушылардың ойы үндес: ауыл мен қаладағы тұрмыс сапасы бәлендей айырмашылыққа ие болмауы тиіс.

– Биыл ауа райының талай шаруаға кедергі келтіргені рас. Аптапта жаңбыр жаумай, егін оратын кезде толассыз төкті. Бұл ретте оларға бөлінетін субсидия мөлшерін арттыруды жоспарлап отырмыз. Биылға республикалық бюджеттен 23 млрд теңге бөлініп, бүгінде соның 90 пайызы игерілді. Оның 4,5 млрд теңгесі мал өсіруге бағытталған. Ауылдарда кадр тапшылығы байқалады. Нақты ақпаратты жуық арада аудан әкімдіктері ұсынулары тиіс, – деді ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Диляра Жылқайдарова.

Тіпті, кейбір шаруа қожалық иелері балаларын Саратовка ауылындағы Ауыл шаруашылығы колледжіне оқуға берген көрінеді. Аудан әкімдіктері мәліметінше, 560-тан астам адамға маман тапшылығы байқалады. Шопаннан бастап, токарь, зоотехникке дейін.

Бұл ретте мемлекет тарапынан жастарға 2,5 пайызбен берілетін несиенің тиімділігі жайлы да айтылды. Дегенмен «Ауыл» халықтық демократиялық патриоттық партиясының ШҚО филиалы төрағасының орынбасары Ербол Күбентаев несиені пайызсыз беру керек деген ұсыныс тастады. Айтуынша, мемлекет бүгіннен бастап нақты қадамдарға бармаса, алдағы уақыттарда ауыл мүлде қаңырауы мүмкін. Ал пайызсыз несие беру арқылы білікті кадрларды елдімекендерге тарту мүмкіндігі жоғары.

– Ауыл өлсе – қазақ өледі. Соңғы үш жылда құрғақшылық болды. Ендігі жыл жаңбырлы бола ма, ол белгісіз. Егер белгілі бір ауылдың жағдайын көтеріп жіберсек, игілігін көп адам көреді. Жастар үшін баспана, тұрақты жалақы, елдімекендердегі инфрақұрылым түзелсе, оң өзгеріс байқалар еді, – деді Ербол Құмашұлы.