ШҚО-да ауыл тұрғындары екі миллион теңге жинап, марқұм волейболшыларды еске алу турнирін ұйымдастырды

2868
көрілім

Өңірдегі Көкжыра ауылының тумалары кезекті рет ауызбіршілік танытып, республика деңгейіндегі волейболшылардың басын қосты. Шығыста Көкжыра деген ауыл бірнешеу, бұл Самар ауданына қарасты елдімекен, деп хабарлайды Buqara.kz тілшісі.

Пандемия екпін алмай тұрғанда жылда өткізіліп еді. Содан дәстүрлі сайыс тоқтап, ауыл жігіттері жылдағы жарысты биыл қайта ұйымдастыруды жөн көрді. Алдымен Көкжыраға кіреберіс жолдың маңына сенбіліп жасап, тазалыққа мән берді. Бірнеше ай бұрын командаларға шақырту жіберіп, сауын айтқан соң әрбірі әзірлікті бастап кеткен. Олардың басын қосып, ауқымды етіп өткізулерінің бір себебі - Көкжырадан шыққан марқұм волейболшыларды еске алу. Наурыз айының соңына таман қор ашылып, мүмкіндіктеріне қарай ақшаны сонда жіберді. Ала доп бәсекесі өтетін уақыт деп сәуірдің 29-ы бекітілген.

Еліміздің әр түкпіріндегі ауылдастар бір күн қалғанға дейін қолда барын қорға аударып жатты. Сайысты ұйымдастырушылардың бірі Қуаныш Байхановтың айтуынша, ауызбіршіліктің арқасында екі миллион теңгеден астам қаражат жиналды. Ендігісі жүлде қорын дұрыстап бөліп, жарыстың ойдағыдай өтуін қадағалау.

Сәуірдің 29-ы күні ауыл спортзалына 11 команда жиналды. Көкжырадан төрт ұжым шықты. Жарыс фавориттері деп «Самар 1», «Көкжыра 1» және «Миролюбовка» волейболшыларын атады. Ең алдымен спорт ардагері Түркістан Барбосынов сөз алып, қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан соң аудандық білім бөлімінің басшысы, мектеп директоры мен бірқатар мейман турнирдің тартысты өтуіне тілекші екендіктерін білдірді.

Ойын Самар мен Көкжырада қатар өтті. Жарыс төрелігін тәжірибе волейбол бапкері Мұхит Токов бақылауына алды. Осы уақытта кілең тәжірибелі жігіттерден жасақталған өскемендік команданы күшейту үшін «Алтай» әйелдер волейбол клубының капитаны Сана Анарқұлованың жұбайы Медет Анарқұловтың жолға шыққаны туралы ақпарат тарады. Бірақ жеребе бойынша Өскеменнен келген ұжым «Самар 1», «Самар 2» сияқты мықты командалармен бір топқа түскен болатын. Алғашқы ойындар тәмамдалған соң спортшылар мен келген меймандарға арнап, 200 адамға ас берілді. Бақилық болған волейболшылардың жақындары естеліктерімен бөлісіп, турнир деңгейіне жоғары бағасын берді.

«Үздік шабуылшы» Қалибек Қалымбеков

Түс ауа сайыспен қош айтысқан командалар анықтала бастады. Кілең тәжірибелі ойыншылары болса да Медет Анарқұлов ойнаған өскемендік ұжым топтан шыға алмады. «Самар 1» мен «Самар 2» алғашқы екі орынға жайғасып, Көкжыраға жол тартты. Себебі, финал сонда өтеді. Биылғы жарыстың ерекшелігі сол, шағын ауылға «Алтай», «Алтай 2» ерлер командасының ойыншылары келді. Соққылары жойқын, көбі алаңның бірінші аймағына допты шегелей қадайды. Жартылай финалда «Самар 1» мен «Миролюбовка» волейболшылары өзара мықтыны анықтаулары тиіс еді. Алайда «Самар 1» командасының мысы басты ма екен, төрт ауылдың таңдаулы волейболшыларынан құралған «Миролюбовка» ойнамай-ақ жеңісті бере салды. Бұдан соң «Көкжыра 1» тартысты ойын нәтижесінде «Самар 2» жастарынан басым түсті.

Турнирдің ең жас қатысушысы Ақтілек Әбіш

Ендігісі финал. Еліміздің жоғары лигаларында үздіктер қатарынан көрініп жүрген сұңғақ ойыншылар көкжыралық команданы айқын ұтамыз деп зор сеніммен келген еді. Көбінің бойы екі метрдің маңайында. Осы кезде жергілікті Қалибек Қалымбеков 175 сантиметр бойымен олардың тосқауылдарын алма-кезек бұзды. Ұйымдастырушылардың айтуларынша, ойын түнгі сағат 22:30-ға дейін жалғасты. Нәтижесінде, «Самар 1» ұжымы төрт сетте 3:1 есебімен басым түсіп, бірінші орыннан көрінді. Облыс құрамасында ойнайтын біршамасы марапттау рәсімін күтпей, бірден Өскеменге жолға шықты.

Жарыс келер жылы да өтеді деп жоспарланды.

Әділхан ЕСІМХАНОВ