ШҚО-да ауыл тұрғындарының алаңсыздығы мал ұрлығының көбеюіне жол ашуда

730
көрілім

Ауыл-аймақтағы ағайынның кәсіп көзін қашан да мал шаруашылығына негіздейтіні белгілі. Жыл он екі ай мал жайлап, көң тазалап бейнетін тартатын қазекеңнің зейнетін көретін күні де жоқ емес, бірақ кейде сол зейнетке жете алмай жататынымыз тағы бар. Себебі неде дейсіз ғой? Себеп, азаптанып баққан төрт түлікті бәз біреулердің қолды қылуы. Дегенмен, тәртіп сақшылары бұл мәселеде мал ұрлығының алдын алуда алаңдаушылық білдірмейтін ауылдықтардың өздері кінәлі екендіктерін айтады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Күз түсе ел төрт түлігін жайлаудан түсіре бастайтыны белгілі, – дейді ШҚО ІІД Криминалдық полиция басқармасының бастығы Нұркен Көпжасаров. – Мал ойға түсе салысымен ұрлық та өсті. Жалпы мал ұрлығының көбеюіне көп жағдайда тұрғындардың өздері кінәлі. Малды табынға қосқысы келмей, ауладан шығарып, бос қоя береді. Қараусыз кеткен мал далада қолды болады. Мұны тіркелген қылмыстардың өзі-ақ дәлелдеп отыр. Мысалы, биыл малды қорадан ұрлап кетудің 70 фактісі тіркелсе, даладан алып кетудің 167 фактісі тіркелген.

Мал ұрлығының Абай, Ұлан аудандарында көп кездесетінін алға тартқан полиция полковнигі кейбір ауыл тұрғындарының орын алған оқиға жайын өте кеш хабарлайтынын айтады.

Кейбіреулер малын бірнеше ай бойы далаға қоя береді, – дейді ол. – Кейін ұрлады деп байбалам салғанымен, оның екі немесе алты ай бұрын жоғалып кеткенін білмей жатады. Кейде ұрланды деген малдың қолды болмай, жай ғана алысқа ұзап кеткені анықталады. Біз ондай кездері мал иелеріне төрт түлігін қайтарып әкелеміз. Өткен жылы осындай 428 оқиға орын алған, биыл 240 факті тіркелді.

Елімізде төрт түлігін қараусыз қалдырған азаматтарды жауапкершілікке тартатын заң бабының жоқтығын айтқан Нұркен Тұрмышұлы осындай жауаптылықты енгізу жоспарда барын айтады.

Біз арыз түскеннен кейін қаншама адам күші мен техниканы жұмылдырып шығынға батамыз, – дейді ол. – Нәтижесінде ол мал жоғалмаған болып шығады. Мал табыны болмаса, кезек ұйымдастырылуы қажет. Малды қоршаудан тысқары шығара салудың заманы өтті. Тіпті ол қолды болмай біреудің шаппасына, егініне, көлігінің астына түссе немесе біреулер зардап шексе мал иесі айыппұл арқалайды. Мұндай жағдай кімге керек? 2017 жылы ауыл әкімдіктерімен бірлесе отырып 1500-ге тарта халықпен кездесу өткіздік. Онда малдың барлығын тіркеуге алынып, жергілікті шаруа қожалықтарының қол астындағы малшылармен материалдық жауапкершілік туралы келісім-шарт жасасулары қажет екендігін түсіндірдік.

Мал ұрлығының алдын алу үшін не істеу керек?

1. Бейсауат жүрген көліктердің нөмірлерін есте сақтау керек.

2. Малшылармен материалдық жауапкершілік жөнінде келісім-шарт жасасу қажет.

3. Малға ен, таңба, құлақтарына сырға салуды ұйымдастыру.

4. Базарлардағы мал етінің арзан саудалануын назарға алу (өйткені ұрланған малдың еті арзанға сатылады).

5. Мал семірген күзгі уақытта жіті бақылаған жөн.

7. Күдікті адамдар туралы 102 нөміріне хабарлау керек.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ