Қараша айының 6-сы күні рейдтік іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері Тарханка ауылының маңында өзінің тіркелген мылтығымен аю атқан тұрғынды анықтады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Белгілі болғандай, маймақты атып өлтірген Өскемен қаласының 51 жастағы тұрғыны. Күдікті аюдың етін өзі пайдаланбақ болғанын айтып, алдағы уақытта сату жоспарымен тағының табанын да тастап кетпей, өзімен алған.
- Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 337-бабына сәйкес (Заңсыз аң аулау) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, қазіргі уақытта келтірілген шығын сомасы анықталуда. Осы баптың санкциясымен 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Жедел алдын алу іс-шарасы басталғаннан бері барлығы 360-тан астам рейдтік іс-шаралар өткізіліп, 605 табиғат қорғау заңнамасын, оның ішінде 394-і аң аулау қағидаларын бұзушылық анықталды. Сонымен қатар 10 браконьер анықталып, оларға қатысты қылмыстық іс қозғалды.