Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңының 17-бабына сәйкес жыл сайын сыбайлас жемқорлықтың халықаралық және ұлттық деңгейлерде таралу жай-күйі мен үрдістерін талдау мен бағалау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру, іске асыру және жетілдіру жөніндегі ұсыныстар қамтылған құжат – «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы ұлттық баяндама» дайындалады, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Құжаттың мақсаты – 2020 жылы Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыру нәтижелері туралы қоғамды хабардар ету болып табылады.
2020 жылдың қорытындысы бойынша дайындалған Ұлттық баяндамада сыбайлас жемқорлыққа қарсы ағарту, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, қоғаммен әріптестік, жауапкершіліктің болмай қалмайтындығы жөнінде қабылданған заңнамалық және тәжірибелік шаралар, COVID-19 пандемиясы кезінде және дағдарысқа қарсы қаражатты игеру кезінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және жолын кесу туралы ақпаратқа бөлек назар аударылды.
Жалпы өткен жылы ел басшылығының саяси ерік-жігерінің, демократияландыру призмасы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы жүйелі және кешенді шаралар, сондай-ақ азаматтық қоғамның белсенді тартылуы арқылы саяси жаңғыртуға бағытталған дәйекті бағыттың нәтижесінде Қазақстан Transparency International-дың сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінде алғаш рет 38 балл жинады, бұл 19 позицияға жоғары көтерілуге және 180 елдің арасында 94-орынды иеленуге мүмкіндік берді.
Сондай-ақ, 2020 жылы Елбасы мен Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөнінде маңызды заңнамалық өзгерістер қабылданды. Атап айтсақ, бағыныстыларының сыбайлас жемқорлығы үшін бірінші басшылардың жауапкершілігі енгізіліп, сыбайлас жемқорлық туралы хабарлағаны үшін азаматтарды көтермелеудің жаңа жүйесі қабылданды. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметшілер мен олардың отбасыларына сыйлықтар алуға толық тыйым салынып, сыбайлас жемқорлық субъектілерінің құрамы кеңейтіліп, құқық қорғау органдары жауаптылығы қатаңдатылды, комплаенс институты енгізілді. Қылмыстық кодекске «арандату» бабы енгізілді, ол тек парақорлықпен шектелмей, барлық қылмысты қамтиды. Желтоқсан айында пара бергені, парақорлыққа делдал болғаны және бизнеске заңсыз араласқаны үшін жауапкершілік қатаңдатылып, Қылмыстық кодекске тағы бірқатар түзетулер енгізілді.
«Adaldyq alańy» жалпыұлттық жобасы шеңберінде мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығы мен айқындығын күшейту мақсатында Шығыс Қазақстан облысы бойынша барлық 4 қалалық және 15 аудандық, 12 ауылдық әкімдік «Ашық әкімдік» сервистік форматында қызмет көрсете бастады.
2020 жылы «Сатып алудың бірыңғай терезесі» талдау жүйесін пайдалана отырып, сатып алудың баға комплаенсі шеңберінде Агенттік пен «Атамекен» ҰКП-ның коллаборациясы күшейтілді. Біздің облыс бойынша бұл жоба аясында 2,1 млрд. бюджет қаражатын тиімсіз пайдаланудың жолы кесілді.
Бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлығы үшін мемлекеттік органдар басшыларының отставкаға кетуі және тәртіптік жауапкершілігі туралы нормалар толық күшіне енді. Нәтижесінде, Шығыс Қазақстанның басшылық деңгейдегі 3 әкімшілік қызметші жауапкершілікке тартылды.
Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп «Protecting Business and Investments» жобасын іске асыруды жалғастыруда. Өткен жылы Шығыс Қазақстан облыстық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жалпы құны 277,5 млрд.теңге болатын 39 бизнес-жобаны сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеумен болды. Кәсіпкерлердің шағымы бойынша 16 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке, 7 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды..
Пандемия жағдайында халықпен ақпараттық-ағартушылық, тәрбие және консультациялық жұмыстарды кеңейту мақсатында, ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің бастамасымен бірқатар жаңа онлайн-жобаларға жүзеге асырыла бастады.
«Adal Kómek» волонтерлік жобасы шеңберінде адвокаттар мен заңгерлерді тарта отырып 310 іс-шара өткізіліп, тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілсе, «Antikor Live» жобасымен және Агенттіктің ақпараттық-ағартушылық штабтарымен азаматтарды рухани-адамгершілік тәрбиелеу бойынша 741 онлайн-іс-шара өткізілді.
Мемлекет пен қоғамның сенімді серіктестігінің, азаматтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға белсенді тартудың арқасында Қазақстан қысқа мерзімде COVID-19 пандемиясымен байланысты дағдарыстық құбылыстарды еңсере алды.
Ағымдағы жылы да Қазақстанның 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясы одан әрі іске асырылып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шаралары құқықтық, практикалық және ментальдық деңгейлерде күшейтіледі.