Бұл туралы Өскемендегі ШҚО №1 кәмелеттік жасқа толмағандар ісі бойынша мамандандырылған ауданаралық сотының төрайымы Анна Жумагулова мәлімдеді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сонымен жауапты тұлғалар өткен жылдың 12 айын қорытындылап, ресми мәліметтермен бөлісті. Анна Жумагулованың айтуынша, былтыр 2020 жылға қарағанда 130 азаматтық іс артық қаралыпты. Яғни екі жыл бұрын 400 болса, бір жылдан соң бұл көрсеткіш 530-ға жеткен. Түрлі қылмыстарға қарай шешім шығарылған сәттер де жиі тіркеліпті. Былтыр қозғалған 132 іс тоқтатылып, бұл жағынан да 2020 жылмен салыстырғанда өсім байқалды. Статистика ата-ана құқығынан айыру, алимент мөлшерін азайту хақында да өткен жылғы мәліметтерге басымдық берген.
– Қылмыстық істерге тоқталсақ, былтыр 68 іс қаралды. Бұл жағынан 2020 жылға қарағанда екі есеге азайғанын байқаймыз. Екі жыл бұрын ата-ана құқығынан айыру бойынша 164 іс қаралса, былтыр 196-ға жеткен. Мұнымен қатар бала асырап алу бойынша былтыр қаралған іс 38-ге жетіп, 2020 жылғыдан асып түсті. Бұл жерде бала асырап алудан бас тарту да былтыр аз тіркелген, – деді сот төрайымы.
Облыс көлемінде қай аудандарда қылмыстық іс жиі қозғалғаны жайлы сауал қойдық. Белгілі болғандай, азаматтық, әкімшілік және қылмыстық іс бойынша Өскемен, Риддер қалалары мен Алтай ауданы көш бастап тұр.