Жадыраған жаз келісімен кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімдер екі қолға бір күрек ұстап еңбек айдынына бет бұрады. Осы орайда, жұмыс барысында қиын жағдайға түскен жеткіншектерге көмек көрсететін байланыс желісінің тәулік бойы жұмыс істеп тұрғанын біреу білсе, біреу білмес. Сондай-ақ, құзырлы органдар қабырғасы қатайып, бұғанасы бекімеген балаларды жұмысқа қабылдаудың заң шеңберінде жүргізілуін қатаң бақылауда ұстап отыр, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Балаларды мәжбүрлі еңбекке тартудың алдын алу мақсатында осы тақырып жыл сайын көтеріліп келе жатыр. Алайда бұл мектеп жасындағы оқушыларға үйде немесе саяжайларда жұмыс істеуге болмайды деген сөз емес. Зерттеушілер керісінше жеткіншектерді қарапайым үй жұмыстарына тартудың дұрыс екендігін айтуда. Мұндағы басты мәселе жасөспірімдерді еркінен тыс жұмысқа салып, олардың құқығын шектейтіндерде болып отыр.
– Балалардың құқығын аттап, олардың еңбегін заңсыз пайдалану әсіресе көше кезіп, қараусыз жүрген балалардың арасында жиі орын алады. Алаяқтарға оларды қара жұмысқа тартуға көндіру де оңай, – дейді «Феникс» Даму және бейімдеу орталығының директоры Нәзигүл Ахметқалиқызы. – Сонымен қатар, көшеде ата-анасының қарауынсыз жүрген қыздарды жыныстық зорлық-зомбылыққа мәжбүрлеу фактісі де орын алуы мүмкін. Біз көптеген жасөспірім ұл-қыздармен жұмыс істейміз. Қызмет барысында олардың бастан кешірген әр түрлі жағдайларын естиміз. Бір өкініштісі, ол оқиғаларда заңбұзушылықтарды дәлелдеу үшін нақты деректер жоқ. Айта кету керек, кәмелеттік жасқа толмаған балалардың ісін қарайтын полицейлер өте белсенді жұмыс істейді. Осыдан бір-екі жыл бұрын менің көз алдымда мынандай жағдай болды. Кезекті бір аялдамаға келгенде автобусқа кішкентай қыз қайыр сұрап кірген болатын. Бірнеше аялдамадан кейін ол қызды тәртіп сақшылары ұстап алып кетті. Қайыр сұрату да жасөспірімдердің еңбегін пайдаланудың бір түрі. Осындай жағдайларды құқыққорғау органдары қатаң қадағалайды.
Он төрт жасөспірім ұсталды
ҚР Еңбек Кодексінің 31-бабына сәйкес, он алты жасқа толған балалармен еңбек шартын жасасуға рұқсат беріледі. Ал он бес жасқа толған жасөспірімдермен еңбек шарты орта білім беру ұйымында негізгі орта немесе жалпы орта білім алған жағдайларда ғана жасалмақ.
– Он төрт жасқа толған оқушылармен сабақтан бос уақытта денсаулығына зиян келтірмейтін және оқу процесін бұзбайтын жұмысты орындау үшін шарт жасасуға заң бойынша рұқсат бар. Сол жастағы балаларға кинематография ұйымдарында, театр және концертте, цирктерде 31-баптың 2 тармақшасында айқындалған талаптар сақталған жағдайда еңбек етуге болады. Еңбек шартына кәмелетке толмаған адаммен қатар оның ата-анасының біреуі, қорғаншысы, қамқоршысы немесе асырап алушысы қол қоюға тиіс. Ал кәмелеттік жасқа толмаған баланы рұқсат етілмеген жұмысқа қабылдау Кодекстің 26 бабының 2-тармағын бұзу болып саналады, – дейді Мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Әбілқайыров.
Балаларды ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 8 желтоқсандағы №944 бұйрығымен бекітілген «он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлердің еңбегін пайдалануға тыйым салатын жұмыстардың тізімінен (ауыр заттарды тасу мен жұмыс істеудің шекті нормаларынан асқан т.б. жұмыстар) бөлек барлық жұмысқа қабылдауға болады екен. Осы норманың Өскемен қаласында қаншалықты сақталып отырғанын білу мақсатында Отбасы мен балаларды қолдау орталығы полицейлермен бірігіп сауда орындарында рейд жүргізген болатын.
– Осының нәтижесінде Металлургтер саябағында жұмыс істеп жүрген 14 жасөспірім ұсталды, – дейді орталық директоры Лилия Куземко, – Тексеру барысында саябақ басшысы бізге жас жеткіншектермен жасалған еңбек шартын көрсете алмады. Мекеме басышысына уақытша ескерту жасадық. Алдағы күндерде осындай рейдтерді тағы жүргізетін боламыз.
Біздің анықтама
Елімізде келеңсіз жағдайда қалған балаларға қолұшын созар бірнеше байланыс нөмірлері бар. Көмек сұраған жандар үшін бұл байланыс желілері арқылы заңгерлер мен психологтар қалай дұрыс әрекет ету керектігін айтады. Қажет болған жағдайда олар полиция қызметкерлері мен жедел жәрдем қызметін де шақыра алады. Халыққа қызмет көрсететін телефон тәулік бойы қызмет етеді. Сіз өз есіміңізді жасырып та хабарласа аласыз. Бұл қызмет түрін тек балалар ғана емес, қиын жағдайға түскен жеткіншектерді көрген адамдар пайдалана хабарласа алады. Байланыс нөмірлері:
– 150 (кез келген қалалық телефоннан хабарласу тегін)
– 116-16 (ұялы телефоннан хабарласу тегін)
– 111 (кез-келген қалалық және ұялы телефоннан да тегін)
Айбын АМАНГЕЛДІҰЛЫ