Өскемен қалалық «Оралхан Бөкей» кітапханасында мектеп оқушылары арасында тоғызқұмалақтан жарыс өтті, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Абай Құнанбайұлының 179 жылдық мерейтойына орай Оралхан Бөкей атындағы қалалық кітапханада қазақтың ұлттық ойыны - тоғызқұмалақтан жасөспірімдер өзара бақ сынасты. Жарысқа қаладағы мектеп оқушылары мен кітапхананың тұрақты оқырмандары қатысып, араларында кіл мықтыны анықтады. Ойы ұшқырлар ойынына облыстық және республикалық жарыстардың жеңімпаздары да қатысты. Жеңіс тұғырынан көрінгендерге арнайы сыйлықтар табысталды.
Кітапхана директорының орынбасары Жанат Жиенбекованың сөзінше, кітапхана ұжымы «Абай сүйіп ойнаған» атты атаумен ұлы ақынның күніне орай жылда тоғызқұмалақтан жарыс өткізеді.
- Бұдан бөлек бізде осы тоғызқұмалақтан үйірме де жұмыс істеп тұр. Оны да арнайы жаттықтырушылар келіп өткізеді. Кітапханамызда ұлттық ойындардан бөлек басқа да түрлі бағыттағы балалардың дамуына арналған үйірмелер бар, - деді ол.
Айта кетейік, аталған шарада ұлы ақын мұрасына арналған кітап көрмесі де қойылып, геймификация ойыны арқылы ойындар ойнатылды. Сондай-ақ кітапхананың үлкен залында көркем және деректі фильмдер көрерменге ұсынылды.
Нұрдәулет ҚАЛИБЕКОВ