Ана мен бала орталығы дәрігерлерінің сөзінше, бүлдіршіндер ұялы телефондардың кесірінен бас-сүйек ми жарақатын алуда, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Балалар дәрігерлері облыста бүлдіршіндердің жарақат алу оқиғалары көбейді деп дабыл қағуда. Оның көбі ата-ананың қарауынсыз қалған кездерде болады екен.
ШҚО Қоғамдық кеңесінің жұмыс тобы Ана мен бала орталығына рейд жүргізіп, ақ халаттылардан бөбектердің үй жағдайында алатын жарақат түрлерін анықтап білді. Олардың қатарында терезеден құлау, шәйнектің ыстық суына, жылытқыштарға күйіп қалу, батарея мен магнит жұтып қою сияқты оқиғалар. Ал соңғы уақытта жаңа жарақат түрі пайда болды.
– Ата-ананың жауапсыздығынан, ұқыпсыздығынан кішкентай сәбилер де зардап шегуде. Өткен жылы осындай үш оқиға тіркелген еді. Анасы баласын көтеріп тұрып, ұялы телефонды құлағына басып сөйлескен кезде телефон құлап кеткен. Ауыр зат балаға қатты тиген. Нәтижесінде баланың бас-сүйегі сынған, – балалар нейрохирургиясы бөлімінің меңгерушісі Серік Қизатуллин.
Бұған қоса, нәрестелер бесік арбадан немесе көлік орындықтарынан құлап кетіп жарақаттанады. Мұндай жағдайларда кінәлі ата-аналармен прокуратура мамандары айналысады.