Қазан айында Алтай ауданы полиция бөлімінің көші-қон қызметі бөлімшесіне облыстағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында үш баланы күту үшін бір жылдан астам уақыт бойы алимент төлемеген әйелді іздестіру туралы ақпарат түскен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Нақты айтсақ, 500 000 теңгеден астам қарызы жиналған 43 жастағы әйелді іздестіру туралы жеке сот орындаушысының құжаты шықты.
- Іздестіру іс-шаралары барысында көші-қон қызметінің қызметкерлері 5 күн ішінде алиментті қасақана төлеуден жалтарған азаматшаның тұрғылықты мекенжайын анықтаған. Одан әрі қаражатты өндіріп алумен сот орындаушылары айналысуда, - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.
Жыл басынан бері Шығыс Қазақстан полицейлері 300-ден астам алимент төлемеген адамды анықтады.
Көші-қон қызметі атқарушылық құжатты орындамағаны үшін заңда әкімшілік (ҚР ӘҚБК 669-бабы) және қылмыстық жауапкершілік (ҚР ҚК 139-бабы) көзделгенін ескертеді.