ШҚО-да баласына Pfizer вакцинасын салдырғандар арасында медициналық мекеме басшылары да бар

333
көрілім

Шығыс Қазақстан облысында 42 мыңнан астам адам Pfizer вакцинасын салдырды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.

ШҚО Денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңір бойынша америкалық Pfizer екпесімен вакциналау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Бүгінгі таңда жалпы саны 42 мыңнан астам адам аталған вакцинаны салдырған. Оның ішінде басым бөлігі – 12-18 жас аралығындағы балалар.

Баласына екпе салдыруға келісім беріп жатқандардың арасында медициналық мекеме басшылары да бар. Соның бірі – ШҚО Фтизиопульмонология орталығының бас дәрігері Райфа Сафиоллинова.  

«Pfizer вакцинасы сенімді. Сондықтан қызым Назеркеге ойланбастан салдыруға рұқсатымды бірдім», - деді ол.

15 жастағы Назерке Маратқызы басқа балаларға екпе алудан қорықпау үшін үлгі болатынына сенімді.

«Дәрігердің қызы ретінде денсаулықтың маңыздылығын, өзімді және отбасымды қорғау тек өз қолымда екенін жақсы түсінемін. Pfizer екпесі туралы көп оқып, оны алған адамдардың пікірлерін естідім. Оның ішінде құрбыларым мен достарым да бар. Анаммен де ақылдастым. Сөйтіп, екпе салдыруға шешім қабылдадым», - дейді ол.