Шығысқазақстандық балуандар енді Бұқтырма кентіндегі ағзаны қалпына келтіруге арналған оқу-жаттығу жиынына барады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Естеріңізде болса, жерлестеріміз жуырда Италиядағы беделді додада Ұлттық құрама сапында сәтті өнер көрсеткен болатын.
Еркін күрес шеберлері жастар арасында өткен «Matteo Pellicone Memorial» турнирінде 16 жүлде иеленіп, жалпыкомандалық есепте топ жарған еді. Сол жарыста сенімді өнер көрсетіп, алтын медаль олжалаған көкпектілік Шыңғыс Мұхаметқалиев алдағы жоспары жайлы ой бөлісті:
— Бұқтырма кентінде бір аптаға созылатын оқу-сауықтыру жиынына қатысамыз. Одан кейін сайдың тасындай іріктелген жастардан ел құрамасы жасақталып, маусымның соңында Қытайлық Тайбэйде өтетін Азия чемпионатына жол тартады. Ол додаға менің салмағымда Дәулет Ергеш есімді спортшы баруы мүмкін. Дәл сол балуан қазір еліміздің бірінші нөмірі. Дегенмен, бапкерлер құрамы ол жағын әлі нақтылап айтатын болады, — деді 74 келіде белдесіп жүрген балуанымыз.
Естеріңізге сала кетейік, Асқар Мұқашев баптайтын шығысқазақстандық өрендерден Италия боз кілемінде Диас Асқаров (79 келі) және Тілек Қабыкенов (74 келі) сынды жастарымыз тұғырға көтерілген болатын.
Әділхан ЕСІМХАНОВ