Бұзушылардан 40 бірлік балық аулау құралдары мен көлік құралдары тәркіленді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Сәуір айының 16-сы мен 30 мамыр аралығында балықтардың көктемгі уылдырық шашуы кезінде Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы инспекторлық құрамымен балық ресурстарын қорғау бойынша іс-шаралар өткізілді. Шара Зайсан-Ертіс бассейнінің бақылауындағы су айдындарында жалғасты. Аталған мекеме басшысының орынбасары Фархад Байбазаровтың сөзінше, рейдтер кезінде балық аулау қағидаларын бұзғаны үшін 93 әкімшілік хаттама толтырылды. Оның ішінде:
балықты заңсыз аулағаны үшін – 69,
заңсыз балық тасымалдағаны үшін – 9,
кеме қатынасы режимін бұзғаны үшін – 13,
су айдынын ластағаны үшін – 2 хаттама толтырылған.
Осыған қатысты бір қылмыстық іс қозғалды.
– Бұзушылардан 40 бірлік балық аулау құралдары мен көлік құралдары (20 ау, 17 ілмек, 3 жүзу құралы), 209,2 келі балық тәркіленді. 82 адамға 1 816 464 теңге көлемінде айыппұл салынып, 55 адамнан 978 380 теңге өндірілді. Келтірілген залал үшін – 1 433 705 теңге талап қойылды, – деді басқарма басшысының орынбасары.