ШҚО-да балық аулайтындарға қауіпсіздікті түсіндіру үшін 460 рейд жүргізілді

207
көрілім

Шығыс Қазақстан облысының құтқарушылары қыс басталғалы мұзда балық аулайтындарға қауіпсіздікті түсіндіру үшін 460-тан астам рейд жүргізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, ауа температурасы құбылмалы болғанда мұзға шығу қауіпті. Ал кейбір әуесқой балықшылар тіпті автокөлікпен тікелей мұз үстінде жүреді. Осылайша, қарапайым қауіпсіздік шараларына немқұрайлы қараған олар өзінің және жолаушылардың өміріне қауіп төндіреді.

«Қыс басталғалы бері құтқарушылар су айдындарында 460-тан астам рейд жүргізді. Сондай-ақ 164 нұсқаулық, 19 жиын өткізіп, онда балықшыларға мұзда жүру ережелерін түсіндіріп, жадынамалар таратты. ҚР ӘКБтК-нің 412-бабын бұзғаны үшін 1 балықшы әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - делінген ақпаратта.

Рейдтер барысында ТЖД қызметкерлері халыққа бір-біріне көмекке келе алу үшін ешбір жағдайда балық аулауға жалғыз бармау керектігін еске салды.

«Азаматтардан мұздағы қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауды сұраймыз. «Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелеріне» сәйкес қалыңдығы 25 см кем мұзға шыққан кезде өзімен бірге ысқырық, құтқару жилеті, диаметрі кемінде 11 мм арқан, ұзындығы кемінде 2 метр таяқ және су өткізбейтін пакетте ұялы телефон болуы қажет», - деп түсіндірді департамент бастығының орынбасары Қуатбек Кенжебекұлы.