ШҚО-да бір күнде 26 жүргізуші мас күйінде ұсталды

345
көрілім

Тәжірибе көрсеткендей, жазғы маусымда жол-көлік оқиғаларының саны өседі. ШҚО тәртіп сақшылары жедел алдын алу шаралары барысында бірқатар жол ережелерін бұзу фактілерін анықтады, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.


2019 жылдың бірінші жартыжылдығында 394 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Оның ішінде жылдамдықты асыру, маневр жасау кезіндегі ереже бұзу, жаяу жүргіншілердің жол ережесін сақтамауы және көлік басқару кезінде мас күйде болу оқиғалары жиі кездеседі.
– «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шараларының бірінші күнінде-ақ 90-нан аса жүргізуші жылдамдықты асырып әкімшілік жазаға тартылса, 79-ы көлікті оңтайландыру кезінде қателіктерге ұшырады. Бұдан басқа 26 темір тұлпар иелері көлікті мас күйінде тізгіндеген, – дейді ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі.


– 13 адам жүргізуші куәлігінен айырылса да көлік басқарып, 14 қала тұрғыны арнайы куәліксіз жолға шыққан. 12 жүргізуші жол апаты жағдайын тудырғаны үшін жауапқа тартылса, 200 жаяу жүргінші жол ережелерін сақтамағаны үшін айыппұл төледі, – деп хабарлады тиісті органдар.