ШҚО-да бірқатар ауылдар жойылады

396
көрілім

Ағымдағы жылы облыстың әкімшілік картасынан 14 ауыл алынып тасталды. 2018 жылы олардың қатарына Глубокое ауданындағы Красная Заря және Волчиха ауылдары, сондай-ақ, Катонқарағай ауданына қарасты Ульяновка және Маралды ауылдары қосылады.

ШҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының мәлімдеуінше, 50 адамнан аз тұрғыны бар ауылдар «басқа қоныстар» санатына жатқызылып, жақын жатқан елді мекеннің құрамына кіреді. «ҚР әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы» Заңының талабы осындай.

2017 жылдың бірінші қаңтарында Шығыс Қазақстанда тұрғыны 50 адамнан аз 67 ауыл бар. Ал алты ауылды тірі жан мекен етпесе де, олар картада ауыл ретінде көрсетіліп тұр.

Шенеуніктер бұл жағдайды жөндеуді бел буды. Осылайша ағымдағы жылы Семей, Аягөз және Бесқарағай аудандарының маңындағы оннан астам ауылдар қысқартылса, алдағы уақытта Көкпекті ауданындағы Қарғалы, Қызылжұлдыз, Өрнек, Каменку, Күршім ауданындағыМатабай, Мойылды, Төсқайың, Чердояк ауылдары солардың күйін кешуі әбден мүмкін.

Ал 2018 жылдың бірінші жартыжылдығында Глубокое ауданына қарасты Красная Заря және Волчиха, Катонқарағай ауданындағы Ульяновка және Маралды ауылдарын толық жою жоспарланып отыр.

Жойылған ауылдардың тұрғындары құрамына кірген елді мекеннің нақты мекен-жайы бойынша тіркеледі. Соңғы бес жылда облыс бойынша 40 елді мекен жойылған екен.