ШҚО-да бірнеше ықшамауданда жер телімдері заңсыз сатылып кеткен

351
көрілім

Облыс әкімдігінде өткен жиналыста Өскемен аумағында үй салуға берілген жер телімдерінің сатылғандығы мәлім болды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Шара басында сөз алған ШҚО Жер қатынастары басқармасының басшысы Елена Барсукова өңірдегі алты қалада электронды карталар жасалып, жер қолданысының дұрыстығын қадағалау үшін жер комиссияларының отырыстарын міндеттеп бекіту жайын ұсынды. Айтуынша, мұндай жұмыстар онлайн тәртіпте, оның ішінде аудио, видео жазбалары түрінде жүзеге аспақ.

Алайда аймақ басшысы Даниал Ахметов үй салуға әр жылдары қыруар қаржы бөлінгенімен, жоспарға алынған жер телімдерінің дұрыс игерілмей жатқандығын алға тартты. Одан бөлек, жауапты азаматтар соңғы он жылда қала маңындағы ықшам аудандардағы жердің 70 пайызын сатып жіберген екен.

– Бұл бір «қызықты парадокс» болды. Неліктен тегіс учаскелер игерілмей, керісінше, құрылыс жұмыстары таулы жерлерде жүргізілуде? Жыл сайын инфрақұрылымға миллиардтап қаражат бөлінеді. Жоспарды бекітіп, іске кірісерде жер телімдерінің сатылып кеткендігін естиміз. Мәселен Есенберлин көшесі бойымен кеңейту жүргізу ойластырылған. Дегенмен сол аумақтарда тегіс жер телімі табылмай отыр. Ылди, ойыс жерлерді тегістейміз деп қаржыны құртқанша, тегіс учаскелерді сата бергенді доғару керек. Қаржы бөлініп, жағдай жасалғанымен, жердің мақсатты қолданылмайтыны өкінішті, – деді облыс әкімі.

Сондай-ақ өңір басшысы соңғы 10 жылда осыншама жердің қайда, кімге сатылғанын шілденің соңына дейін анықтап, жұмысқа жауапкершілікпен қарауды ескертті.

 

Әділхан ЕСІМХАНОВ