ШҚО-да биыл 1450 адам қатерлі ісікке шалдыққан

116
көрілім
Фотосурет: ШҚО КОжХО

Бұл туралы ШҚО Көпсалалы онкология және хирургия орталығында өткен үйлестіру кеңесінде айтылды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі. 

Жиынға қатысушылар қатерлі ісіктің негізгі көрсеткіштерін, скринингтік бағдарламалар мен «Жасыл дәлізді» іске асырудың тиімділігін, онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023-2027 жылдарға арналған кешенді жоспардың индикаторларына қол жеткізу жайын талқылады.
Анықталғандай, биыл облыста қатерлі ісіктің 1450 жаңа жағдайы тіркелген. Былтырмен салыстырғанда сырқат саны 2,2%-ға төмендеді. Өңірдегі өлім-жітім көрсеткіші республикалық көрсеткіштен жоғары. Дегенмен, онкопатологияның құрылымы өзгеріссіз қалды. Науқастардың көбі сүт безі, өкпе обыры және колоректальды обырға шалдығуда. Олардың орташа жасы – 60-70 жас. 
Сондай-ақ аймақта қатерлі ісікті ерте анықтаудың оң динамикасы байқалады. Үйлестіру кеңесі барысында обырдың асқынған жағдайларына да талдау жүргізілді. 
Ақ халаттылар скрининг жүргізу тақырыбына ерекше назар аударды. Өкінішке қарай, кейбір МСАК ұйымдарында скринингпен қамтудың төмен көрсеткіші байқалады. Бұл жұмысты күшейту қажет екендігі айтылды. 
Сонымен қатар барлық МСАК ұйымдарына «Жасыл дәліздің» тиімділігін арттыру үшін ШҚО КОжХО «Ахуалдық орталығының» мамандарына апта сайын мониторинг ұсынып, онкологиялық сақтық маркерлері бар науқастар туралы ақпарат беріп отыру ұсынылды.