Облыста жыл басынан бері 2676 азаматқа тегін заңгерлік кеңес берілген, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
ШҚО әділет департаменті тұрғындарға тегін заңгерлік кеңес беру мақсатында 175 қорғаушымен келісімшартқа отырған. Бұл туралы облыстық Ақпарат орталығында өткен баспасөз брифингі барысында департамент басшысының орынбасары Айдын Әмірханов мәлім етті.
– 2014 жылдан бері Әділет министрлігі «Қорғаушылардың заңгерлік көмек көрсетуі» атты бірыңғай әкімшілік бюджет бағдарламасын қолға алған болатын. Жоспарға сәйкес, 2020 жылы тегін заңгерлік көмек көрсету мақсатында республикалық бюджеттен 147 млн 421 мың теңге бөлінген. Нәтижесінде 2676 азаматқа тегін заңгерлік кеңес берілді, - деді Айдын Әмірханов.
Оның айтуынша, елімізде жарияланған төтенше жағдай кезінде тұрғындарға WhatsApp, Telegram, Instagram, Facebook желілері арқылы ақысыз қызмет көрсетілген. Сондай-ақ осы уақыт аралығында 28 сот ісі өткізіліп, 11 бейнеролик пен тікелей эфирлер жүргізілген.