Жалпы облысымызда 1-10 сынып аралығында 160 мыңнан астам оқушы білім алылп жатыр. Жайдары жаз шыға олардың жазғы демалыс лагерлерімен қамтылуы үшін биылғы жылы қалалық және аудандық бюджеттерден 214767 мың. теңге бөлінген, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Өңіріміздегі жазғы демалыс лагерлері екі бағыт бойынша жұмыс атқарады. Оның бірі сауықтыру мақсатында жүргізілсе, екіншісі оқушылардың әр түрлі секцияларға, үйірмелерге, клубтарға қатысып, саяхатқа шығуына мүмкіндік бермек.
– Биыл аймақ бойынша 889 сауықтыру лагері мен алаңы іске қосылды. Оның ішінде мектеп жанында – 424, профильді алаңдарда – 406, қала сыртында – 34, шатырлы және спорттық – 25 лагерь өз жұмысын атқаруда. Оқушыларды жазғы демалыс лагерлерімен қамтамасыз ету үшін бөлінген қаражат мөлшері өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға көбейіп отыр, – дейді ШҚО білім басқармасының басшысы Нұргелді Әбжапаров.
Айта кету керек, Аягөз, Бесқарағай, Шемонаиха аудандарында қала шетіндегі лагерь ашу мәселесі әлі күнге дейін шешімін тапқан жоқ. Сондай-ақ, Абай ауданындағы «Бақанас» лагері заңмен белгіленген талаптарға сай келмейді екен.
– Ата-анасының қарауынсыз қалғандар, жетімдер мен патронаттық тәрбиедегі оқушылар және 30 мыңға жуық аз қамтылған отбасының балалары түгел дерлік демалыс лагерлерімен қамтылған. Сонымен қатар 40 бала «Аджип Каспиан» компаниясының шақыруымен Италияға барып демалып келеді, – дейді Нұргелді Әлханұлы.
Талғатжан МҰХАМАДИЕВ