ШҚО ТЖД құтқарушылары көліктік бақылау инспекциясымен Бұқтырма су қоймасында рейд жүргізді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
- Тексеріс нәтижесінде жүзу құралдарында кеудешелердің болмауы, демалушылардың белгіленген жерден асып жүзуі сынды бұзушылықтар анықталды, - деді ШҚО ТЖД бастығының орынбасары Қуатбек Кенжебекұлы.
Шомылу маусымы басталғалы бері 2300-ге жуық рейд ұйымдастырылды. Құтқарушылар 18 демалушының өмірін сақтап қалды.
Сондай-ақ 1583 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде жалпы су пайдалану ережелерін бұзғаны үшін 46 жеке тұлғаға ескерту жасалды (ҚР ӘҚБтК-нің 364-бабы). Демалушылардың 24-і су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзған (ӘҚБтК-нің 412-бабы). Алкогольді ішімдіктерді ішкені үшін - 1480 адам (ҚР ӘҚБтК 440-бабы) және шағын көлемді кемелерді пайдалану қағидаларын бұзғаны үшін 33 жеке тұлға (ҚР ӘҚБтК 582-бабы) жауапкершілікке тартылды.
Айта кету керек, биыл облыс бойынша 4 адам суға батып кетті. Жазатайым оқиғалар жабдықталмаған шомылу орындарында болған.