Облыста биыл 560 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Өткен жылы өңірде 520 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Бұл көрсеткіш құрылыстың алдыңғы жылдағы қарқынынан 118%-ға артық. 2021 жылы бұл сан тағы да ұлғайтылып, 560 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Бұл туралы аймақ басшысы Даниал Ахметов халық алдында есеп беру барысында айтты.
– Тұрғын үй мәселесі енді «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында шешіледі. Жоба мемлекеттің инженерлік-коммуникациялар жүргізуі есебінен жер үйлер құрылысын ынталандыруға арналған. Бюджет есебінен бөлінген 29 млрд теңге 642 мың шаршы метр тұрғын үй құрылысын жүргізуге және жеке инвестицияларды тартуға мүмкіндік береді, - деді облыс әкімі.
Даниал Ахметов өз орынбасары Бақытжан Байахметовке, құрылыс басқармасына, қалалар мен аудандар әкімдеріне 30 әлеуметтік жобаны, оның ішінде 13 спорт нысанын, 6 білім беру нысанын, 5 денсаулық сақтау объектісін пайдалануға беруді қамтамасыз етуді тапсырды. Бұдан бөлек, 4 мәдениет объектісі, атап айтқанда Топқайың, Айнабұлақ, Приречное ауылдары мен Әуезов кентіндегі ауылдық клубтар қолданысқа берілмек.