ШҚО-да биыл 6670 түлек ҰБТ тапсырмақ

327
көрілім

ШҚО Білім басқармасы биылғы жылғы ҰБТ өткізу науқанына дайындықтарын жеткізді. Бұл туралы ШҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Бұрынғыдай емес, осы жылы ҰБТ ақылы негізде оқимын деушілерге төрт рет өткізілмек, яғни қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында. Ал білім гранттарын тағайындау байқауы маусым айында өткізіледі.

- Ағымдағы жылы ҰБТ 22-26 маусым аралығында өтеді. Төртеуі ЖОО-да, 12 аудандық және қалалық пункттерінде. Тестілеу 83 аудиторияда болмақ, - дейді ШҚО Білім басқармасының басшысы Сайрангүл Жұмаділова.

Айта кету керек, тестілеуге қатысушылар үшін барлық ұялы байланыс сигналдары бұғатталып, бейнебақылау камералары іске қосылатын болады. Бұл үшін 110 байланыс бұғаттаушы, 39 қол металліздегіштері және 120 бақылау камерасы алынған.

- Осы жылы 8490 мектеп бітірушінің 6669-ы тестілеуге қатысуға өтініш тапсырған. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 8%-ға жоғары. Сондықтан барлық жағынан дайын болуымыз тиіс, - деді облыс әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова.

Атап өтетін тағы бір жайт, биылғы тест тапсырушы оқушылардың ата-аналары мен жақындары үшін арнайы бақылау орындары мен шатырлар орнатылмақ. Медициналық қызметкерлер мен құқық қорғау органдары, өртке қарсы қауіпсіздік қызметкерлері де кезекшілікте болады.

          Данияр ЗАЙНЕЛОВ