ҚКХП Шығыс Қазақстан филиалы «Ауыл - Ел бесігі» жобасын іске асыруды талқылау бойынша отырыс өткізді. Отырыс барысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселелері талқыланып, ағымдағы жылы іске асыруға жоспарланған жобалар қаралды, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
«Ауыл - Ел бесігі» бағдарламасының негізгі мақсаты ауылдағы өмір сапасын жақсарту, ауылдық аумақтардың әлеуметтік ортасын жаңғырту және оларды өңірлік стандарттарға дейін жеткізу болып табылады.
Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысының орынбасары Фархад Бельбеевтің айтуынша, басты міндет әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымды дамыту, ауылдық жерлерде жайлы өмір сүруге жағдай жасау, қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ету болып табылады.
- Бағдарлама шеңберінде біз ауыл тұрғындары ешқайда кеткісі келмейтіндей және мемлекеттік қызметтер, әлеуметтік игіліктер алуға, қала тұрғындарынан қалыс қалмайтындай өзін-өзі дамытумен айналысуға мүмкіндігі болатындай өмір сүру жағдайларын жасауға тиіспіз. Сондай-ақ, біз ауылдық жерлеріміздің дамығанын және еліміздің экономикалық өсуінің драйвері болғанын қалаймыз. Бағдарлама шеңберінде ТКШ, әлеуметтік-мәдени объектілерді, көлік инфрақұрылымын күрделі, орташа және ағымдағы жөндеуге қаражат бөлінеді. Бұдан басқа су, газ және электрмен жабдықтау желілерінің жабдықтарын салу және реконструкциялау жоспарлануда. Спорт, мәдениет, білім және денсаулық сақтау нысандарының құрылысы көзделген, - деді Фархад Белбеев.
Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 8 жобаны жүзеге асыру қолға алынған болатын. Биыл 20 тірек ауылда 54 жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Оның ішінде білім беру саласында - 13, денсаулық сақтау саласында – 6, спорт саласында – 6, мәдениет саласында – 6, жол жөндеу саласында – 20. Жобалар Глубокое, Бородулиха, Көкпекті, Күршім, Марқакөл, Қалжыр, Үлкен Нарын, Катонқарағай, Солдатово, Тұғыл, Ақжар, Үржар және басқа да ауылдарда жүзеге асырылады. 2026 жылдың соңына дейін бағдарлама шеңберінде мемлекеттік қолдау шараларымен барлық 116 тірек ауыл қамтылады деп жоспарлануда.
- Қалған ауылдар шет қалмайды, оларға да мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі. Олар үшін жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды дамыту, ұсақ тауар өндірістерін орта және ірі ауыл шаруашылығы кәсіпорындарына біріктіру, сондай-ақ ауыл жолдарының қалыпты жай-күйін қолдау жоспарлануда. Облысымыздың қолайлы климатын ескеретін болсақ, ауыл шаруашылығы саласын дамыту – біздің өңір үшін маңызды міндеттердің бірі екенін атап өту маңызды, - деп түйіндеді облыс әкімінің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасары Ержан Нұрбаев.