Облыстық Жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлистің ақпаратынша, Күршім, Тарбағатай, Ұлан және Самар аудандары былтыр осы жағынан оң нәтиже көрсеткен, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Анықталғандай, 2022 жылдан бастап пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару бойынша жұмыс басталды. Сол уақытта қайтару жоспары 100 мың га құрап, мемлекеттік меншікке 100,6 мың га қайтарылды.
- Оның ішінде 83,5 мың га жайылым. 2023 жылы қайтару жоспары 120 мың га құрады, мемлекеттік меншікке 125,7 мың га қайтарылды, оның ішінде жайылым 107,1 мың га, - деді басқарма басшылығы ұсынған мәліметте.
Надежда Михейлистің сөзінше, өткен жылы Күршім, Тарбағатай, Ұлан және Самар аудандары дер қайтару бойынша оң нәтиже көрсетті. Осы аудандарда қайтарылған жер көлемі 20 мың гектардан асады.
- Биыл қайтару жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады, 160 мың га пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтару жоспарлануда. Бүгінгі таңда мемлекет меншігіне 34 мың га пайдаланылмайтын жер, оның ішінде 30 мың га жайылым қайтарылды. 2024 жылдың 5 айында қайтарудың жоғары нәтижелерін Алтай ауданы, Күршім ауданы және Өскемен қаласы көрсетуде, - деді жауапты тұлға.
Ресми ақпаратқа сәйкес мемлекетке қайтарылған пайдаланылмайтын жерлер бұдан әрі қолданыстағы жер заңнамасын ескере отырып қайта бөлінеді. Мұндай учаскелерді бөлу кезінде жергілікті халықтың мал жаю үшін жайылымдарға деген қажеттілігін қанағаттандыруға басымдық беріледі.
2022-2023 жылдарға қайтарылған жерлердің 30,3 мың га ауыл шаруашылығы айналымына тартылыпты. Оның ішінде 20,8 мың га учаске халықтың мұқтажын қанағаттандыру үшін, 9,5 мың га агроқұрылымдарға конкурстық негізде берілді.
Басқарма басшылығы жайылымдарды пайдалану жөніндегі заңнамаға өзгерістер енгізілгенге дейін 2024 жылдың басынан халықтың малын жаю үшін уақытша өтеусіз жер пайдалану құқығымен 11,1 мың га жайылымдық жер берілгенін алға тартты.
- 2023 жылы облыс халқының мұқтаждықтары үшін жайылымдық жерлердің тапшылығы 78,6 мың га құрады, халықты жайылымдармен қамтамасыз ету жөніндегі іс-шараларды жүргізу нәтижесінде қажеттілік толық көлемде жабылды, - деді Надежда Михейлис.
Биылғы ақпаратқа сүйенсек, жайылымдарға қажеттілік 69,9 мың га құрайды. Бүгінде 14,8 мың га алқап тұрғындарға үлестірілсе, 55,1 мың га жерді осыған икемдеу жыл соңына дейін аяқталмақ.
Мәлім болғандай, осы жылы ақпан айының 27-нде ҚР Президенті «Жайылымдарды пайдалану мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды.
Асыл АЙТБАЕВ
Фотосуретті түсірген: Ақбота АЙТҚАЛИЕВА