Облысқа қарасты 3 ауданның суару арналарына механикалық тазарту жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі
Республикалық бюджет қаражаты есебінен Зайсан ауданында «Кендірлік» суару жүйесіне жөндеу жұмыстары жүргізілу жоспарлануда. Атап айтқанда, «Кендірлік» су торабында және «Жаңа Тоғам» магистралдық арнасында бетон жұмыстары, және «Қаратоғам» арнасында механикалық тазарту мен затворларды ауыстыру жоспарланып отыр. 2024 жылдың 7 айының қорытындысы бойынша филиалдың арналары арқылы 7575 гектар жерге 28,5 млн м3 су берілді. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілермен 548 шарт жасалды.
ШҚО бойынша филиал құрамына 3 өндірістік учаске кіреді. Атап айтар болсақ, Зайсан, Ақжар, Күршім. Филиал құрамында облыста 53 су шаруашылығы нысаны бар, оның ішінде 3 су қоймасы, 7 су торабы, 43 магистральдық канал. Аталған гидротехникалық құрылыстарда барлығы 49,609 мың гектар суармалы жер бекітілген.
«Қазсуашар» РМК ШҚО филиалының директоры Нұржан Әміржановтың сөзінше, су беру қызметі бойынша тіршілік көзін есепке алу үшін 7 гидробекетті жөндеу жоспарлануда. Нақтылап айтар болсақ, Күршімде 5, Зайсан мен Тарбағатайда біреу.
Осы жылдың вегетациялық кезеңінен кедергісіз өту мақсатында филиал өз күшімен Күршім, Зайсан және Тарбағатай аудандарында жалпы ұзындығы шамамен 43 км болатын суару арналарында механикалық тазарту жұмыстарын жүргізді.
- Бүгінгі таңда арналарды топографиялық түсіру бойынша да бірқатар тапсырма орындалды. Қазіргі уақытта геологиялық жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұған қоса автоматтандыру жүйесін қалпына келтіру бойынша мердігер ұйым анықталып, тапсырылған жұмыстарды жыл соңына дейін аяқтау жоспарлануда, - деді ол.
Су беру қызметі төңірегінде инвестициялық бағдарлама аясында 3 магистральды арнаны, яғни Күршім ауданындағы «Жауғашты», Марқакөл ауданына қарасты «Қарақия» және «Победа» каналдарында ал реконструкциялау жұмысы бойынша Зайсан ауданының «Үйдене» суару жүйесінің Р-3 және ЛМК-2 магистральдық арналарында автоматтандыру жүйесін қалпына келтіру бойынша да жұмыстар атқарылуда, - деді филиал директоры.
Нұрдәулет Қалибеков