Қарбаласқа толы қыркүйек айы қарсаңында облыстағы білім саласы қызметкерлерінің Тамыз кеңесі өтті. «Қазақстанның жаңғыруы 3.0 — білімнің үлесі» тақырыбында өткен шара барысында білім саласындағы оңды өзгерістер жайы айтылып, алдағы уақытқа қойылатын міндеттер анықталды. Сондай-ақ, шараның салтанатты бөлімінде білім саласының үздіктері де назардан тыс қалмай, қомақты сыйақылар алып, арнайы төсбелгілерге ие болды, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.
Жалпы биылғы жыл білім саласындағы өзгерістерге толы жыл болды. Ұлттық бірыңғай тестілеу жаңа форматта өткізіліп, жергілікті бюджет есебінен бөлінетін облыс әкімінің гранттары еселене түсті. Орта білім мен мектепке дейінгі тәрбие жұмыстары жолға қойылып, жаңа білім ордалары ашылды. Орын алған оңды істер жайын біз оқырман назарына «Менің өлкем» газетінің 2017 жылдың 17 тамызында шыққан нөмірінде жариялаған едік. Енді бұл жолы білім саласындағы өзгерістер емес, бірқатар жеткен жетістіктерге тоқталып өтуді жөн көрдік…
Тәрбиенің орны
– 3-тен 6 жасқа дейінгі бүлдіршіндердің мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылуы бойынша облысымыз республикада бірінші орын алады, – дейді Тамыз кеңесінде баяндама жасаған облыстық Білім басқармасының басшысы Нұргелді Әбжапаров. – Қазіргі уақытта 21 мың балғын кезекте тұр. Бұл 2015 жылға қарағанда 1500 балаға аз. Кезектің 80 пайызы Өскемен, Семей қалаларына келеді, дегенмен оның үлкен болуы сәби дүниеге келген кезден бастап автоматты түрде кезекке қойылуымен байланысты. Бұл жерде балабақша жасына әлі жете бермеген, яғни 0-ден 2 жасқа дейінгі балалардың саны шамамен 77 пайызды құрайды. Аталмыш кезекті азайту үшін биыл жыл аяғына дейін облыста 14 балабақша ашылады. Оның 12-сі жекеменшік болады. Сонымен қатар Семей және Өскемен қалаларында тағы да 11 балабақша ашуды көздеп отырмыз.
Балабақшалардағы басты мәселе мектепке дейінгі білім беретін педагогтардың сапалық жағы. Бүгінгі таңда балабақша тәрбиешілерінің 5200-і, яғни 39 пайызының бейінді білімі бар. Құзырлы басқарма бұл көрсеткішті жақсарту үшін жыл сайын педагогикалық колледждің мектепке дейінгі білім беретін педагогтар санын көбейту бағытында жұмыс істеп жатқанын айтады. Атап айтсақ, 2017 жылы осындай қосымша 115 оқу орны ашылды.
Сапа сын көтеруі керек!
Қазіргі уақытта өңірімізде 663 мектеп бар. Олардың 77 пайызы типтік ғимараттарда, қалғаны бейімделген ғимараттарда орналасқан. Оларда білім алатын 185 мыңнан астам оқушының 21 мыңы биыл мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер. Облыста 46 мектепке 7105 бала жетіспейді. Бұл шамамен барлық оқушылардың 5 пайызы. 194 мектепте 32 мыңнан астам оқушының саны артық. Орын жетіспеушілігі әсіресе қалалық аймақтардағы мектептерде байқалады. Мысалы, Өскемен қаласындағы 9 мектепте 3500, Семей қаласындағы 15 мектепте 3 мыңнан астам, Аягөз қаласындағы 9 мектепте 1800 шәкірт артық оқып жатыр. Ал бала санының жетіспеушілігі көбінде ауыл-аймақтағы мектептерде байқалады.
– Білім сапасы 2017 жылы 59 пайызды көрсетіп, өткен жылға қарағанда 5 пайызға жоғарылады, – дейді басқарма басшысы. – Глубокое, Зырян, Ұлан, Шемонаиха аудандарындағы мектептердегі оқушылардың білім сапасы облыстағы орташа көрсеткіштен төмен болып, ҰБТ-ға әсер етті. Биыл түлектер ҰБТ-ны жаңа форматта тапсырды. Бұл жолы оқушылардың 11 жыл бойы алған білімдерінің сапасы көрінді. Биыл өңіріміздегі ҰБТ-ның орташа балы 82,2 пайызды құрады. Республика бойынша ҰБТ-да жақсы нәтиже көрсеткен 8 түлектің екеуі, яғни 138 балл алған екі оқушы Шығыс өңіріндегі Аягөз қаласынан.
Басты мәселе
– Өңірдегі 23,5 мың мұғалімнің 86 пайызы жоғары білімді, – дейді Нұргелді Әбжапаров. – Бірінші санатты мұғалімдер саны 48 пайыз, дегенмен бүгінгі таңда 244 пәндік мұғалімге деген қажеттілік бар. Олар ағылшын тілі, орыс тілі, математика, физика, химия және биология пәндерінің мұғалімдері. Бұл қажеттіліктің орнын толтыру үшін облыстағы педагогикалық колледждерде қосымша мамандықтар ашылып, мемлекеттік тапсырыстар жасалуда. Атап айтсақ, биылғы жылы өңіріміздің жоғарғы оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтарға облыс әкімінің қосымша 70 гранты бөлінді.
Білім басқармасының назарынан мүмкіндігі шектеулі балалардың білім алу үрдісі де шет қалған жоқ. Дегенмен, бірқатар аудан, қалалар бұл жұмысты әлі де жолға қоя алмай отыр. Атап айтсақ, Абай, Күршім, Ұлан аудандарында балалардың инклюзивті білім алуына жағдай жасалмаған, ал Семей қаласы мен Аягөз, Жарма, Зырян, Тарбағатай аудандарының көрсеткіштері тіптен мардымсыз. Білім бөлімдері жұмыстарының нашарлығына байланысты биылдан бастап инклюзивті білімді дамытудың өңірлік бағдарламасын жасау қолға алынды. Ол үшін мектептерді материалдық-техникалық жағынан қамтамасыз ету, кедергісіз архитектуралық нысан жасау, педагогикалық кадрлардың білім сапасын жақсарту, моқыту бағдарламасына дефектолог және логопед мамандарды енгізу жоспарлануда.
Азамат ТЕМІРБЕКОВ