ШҚО-да биылғы жылдың 6 айлық көрсеткіші бойынша 1,4 млрд. теңге игерілмеген

592
көрілім

Биылғы жылдың 6 айлық көрсеткіші бойынша өңірдің қала-аудан әкімдіктері мен облыстық қаржы бағдарламаларының әкімгерлері 1,4 млрд. теңгені игермеген. Бұл жайлы ШҚО Қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Галина Пахомова мәлімдеді, деп хабарлайды Бұқара.кз сайтының тілшісі.

Игерілмеген қаржының ішіндегі 611,1 млн. теңге – республикалық бюджеттен, 777 млн. теңге – жергілікті бюджеттен бөлінген. Салыстыра кетсек, 2016 жылдың дәл осы кезеңі бойынша игерілмеген қаржы мөлшері 2 млрд. теңгеден асқан болатын.

– «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында бөлінген 7,4 млрд. теңге толықтай игерілді. Ал білім нысандарын салу жұмыстарында Аягөз қаласындағы екі мектептің құрылысы бойынша 226,3 млн. теңге игерілмеген. Сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дамытуда 124,4 млн. теңге игерілмей қалды (Өскемен, Семей қалаларында), – дейді Галина Пахомова.

Оның айтуынша, аймақ бойынша жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарындағы қаржының игерілуі қатаң бақылауды талап етеді. Осыған орай облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қала-аудан басшыларына ескерту жасады.

– Әр әкімнің қаржы жағдайын қалай жоспарлағандығы жыл соңында толықтай анықталады. Құрылыс жұмыстарына жауапты мердігерлерді жиі тексеріп отыруға тиіссіздер. Тіпті жұмысшылардың киімдерін қарау керек. Қыстық киімдері бар ма? Жалақысы уақытында түсіп тұра ма? Осының барлығы қаржының игеріліп немесе игерілмей жатқандығын көрсетеді, – дейді ол.