Облыста алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары қарқынды жүргізілуде, деп хабарлайды Buqara.kz сайтының тілшісі.
Аймақта жылыту маусымына дайындық жоспарға сайкес жүргізілуде. Қазіргі уақытта жылу электр орталықтарының дайындығы – 57%, оның ішінде қазандықтар – 60%, турбоагрегаттар – 52% құрайды. Ал гидроэлектрстанцияларда жөндеу жұмыстарының 72% ы орындалған.
Риддер ЖЭО-да сыртқы тарату құрылғыларын күрделі жөндеуге – 280 млн теңге, Глубокое ауылындағы қазандықты жөндеуге – 337,9 млн теңге бөлінсе, Зайсан қаласындағы 3 қазандықты ауыстыруға – 90,3 млн теңге бөлінген.
ШҚО Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы Нұрлан Рамазановтың сөзінше, биылғы жаңғырту жұмыстарына бөлінген қаржат былтырғымен салыстырғанда 1,8 млрд теңгеге артық.
- Биылғы жылғы белгіленген барлық жөндеу жұмыстарын мерзімінде аяқтау жоспарлануда. Бұл жұмыстардың барысын тұрақты түрде бақылап отрымыз. Алдағы жөндеу науқанына қарастырылған қаражаттың жалпы сомасы 20,8 млрд теңгені құрайды. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына қазіргі таңда 17 мердігер ұйымнан 550-ден астам адам жұмылдырылды. Айта кететін болсақ, жылу электр орталығының қазандық агрегаттарын жөндеу 50,3 пайызға, жылу желілері 75 пайызға орындалды. Аталған жұмыстар 2024 жылдың 1 қыркүйегіне дейін аяқталады. Жылыту маусымының басына қарай 2 қазандық қондырғысын іске қосу жоспарлануда, ал қалған қазандықтар температуралық кестеге сәйкес суық ауа райының басталуымен іске қосылады, - деді басқарма басшысы.
Бұған қоса көмір мәселесі де шешіліп келеді. Қазір облыс бойынша 9 мың тонна көмір бар, оның ішінде Өскемен қаласында – 4030 тонна, Риддер қаласында – 1060 тонна, Алтай ауданында – 430 тонна, Глубокое ауданында – 2000 тонна, Шемонаиха ауданында - 1510 тонна.
- Өскемен қаласының әкімдігі «Қаражыра» АҚ-мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 25 мың тонна көмір жеткізу туралы келісім шартқа қол қойған. Ал көмірдің шекті бағасы, әлеуметтік көмірдің құны тоннасына 15300 (коммерциялық – 15800) теңгені құрап отыр. Осы платформаны пайдалана отырып, біз тұрғындарды көмірді дер кезінде сатып алуға шақырамыз, өйткені жазда сұраныстың болмауы күзде көмір сатылатын орындарда ұзын-сонар кезекке әкелуі мүмкін, - дейді басқарма басшысы.
Бұған қоса, жылыту маусымы басталмай тұрып Жаңа Бұқтырма кентіндегі магистральдық жылу желілерін қайта жаңғырту жобасы аяқталып, оған облыстық бюджеттен 847 млн теңге бөлінген.
Нұрдәулет Қалибеков